Cемей37°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
465.74 537.23 5.62

Семейде жастарға арналған құқықтық оқыту семинары ұйымдастырылды

Бүгін, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Әлихан Бөкейхан университетінде «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі іс-шаралар кешені аясында Халықаралық жастар күніне орай оқыту семинары өтті. Іс-шараны Семей қаласының ішкі саясат бөлімі ұйымдастырды.

Семинарға Семей қаласы әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев, Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Дархан Бердібек, қаладағы белсенді волонтер жастар, жастар ұйымдарының өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін түсіндіру және жас азаматтардың қоғам өміріндегі белсенділігін қолдау.

Семинар барысында жастарға заң мен тәртіптің қоғам тұрақтылығы үшін маңызы, құқықтық жауапкершілік, қоғамдық ортадағы қауіпсіздік, құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі жөнінде кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар жастардың қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы, еріктілік қозғалысты дамыту және жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмады.

Шараға прокуратура және полиция басқармасының жауапты қызметкерлері қатысып, жастарға құқықтық бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, күнделікті өмірде кездесетін құқықтық жағдайлар бойынша нақты мысалдар келтірді. Бұл өз кезегінде қатысушылардың құқықтық білімін жетілдіріп, заң талаптарын дұрыс түсінуіне мүмкіндік берді.

Іс-шараның тағы бір маңызды бөлігі – қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, қала өміріне елеулі үлес қосып жүрген еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдерін марапаттау болды. Семей қаласы әкімінің атынан бірқатар белсенді жастарға Алғыс хаттар табысталды.

Марапаттарды Семей қаласы әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев табыстап, жастарды 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен құттықтады. Ол жастардың қоғам дамуындағы рөліне тоқталып, белсенді азаматтық ұстанымы мен қоғамдық бастамаларға қосып жүрген үлестерінің маңызын атап өтті.

Жалпы, мұндай кездесулер жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы ашық диалогты қалыптастыруға, құқықтық мәдениетті арттыруға және қоғамдағы заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді. Әсіресе жастардың өзекті мәселелерін тікелей мамандарға қойып, нақты жауап алу мүмкіндігі құқықтық сауаттылықты арттырудың тиімді тетігі болып саналады.

«Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру – тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы ретте жастардың заңды құрметтеуі, өз құқықтары мен міндеттерін білуі және қоғамдық өмірге белсенді араласуы – қауіпсіз әрі жауапты қоғам қалыптастырудың маңызды негізі.

Іс-шара соңында семинарға қатысқан жастарға сертификаттар табысталып, қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Семинар жастардың құқықтық білімін арттырып қана қоймай, олардың қоғамдық жауапкершілігін күшейтуге және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң болды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив