Cемей0°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
452.59 507.67 5.48

Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады

Сурет: Оқу-ағарту министрлігі

12-08-2026, 11:18 018.kz

Қазақстанда балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жалғасуда. Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде. Бүгінде болжанған бала санының 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84%-ы мектептерге қабылданды.

Қабылданған балалардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңға жуық бала қабылданды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала қабылданды.

Болашақ бірінші сынып оқушыларының 71%-дан астамы қазақ тілінде, 26%-дан астамы орыс тілінде, тағы 2,5%-ға жуығы басқа тілдерде білім беретін сыныптарды таңдаған. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданды. Бұл ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба аясында жүргізілуде. Өтініштер 2026 жылғы 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылданады.

Өтініштердің 84%-ға жуығын ата-аналар электрондық форматта берген. Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ таңдалған мектепке тікелей тапсыруға болады.

Бірінші сынып оқушыларының ең көп саны Түркістан облысында - 50 мыңнан астам, Алматы облысында - 35 мыңнан астам, Астанада - 33 мың, Алматыда - 31 мыңнан астам және Шымкентте - 29 мыңнан астам болады деп күтілуде. Бұл осы өңірлердегі халық санының көптігімен және туу деңгейінің жоғары болуымен байланысты.

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға құжаттарды уақытылы рәсімдеуді ұсынады. Қосымша ақпаратты таңдалған мектептен, eGov.kz порталынан және eGov Mobile қосымшасынан алуға болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив