Абай облысында колоректальды обырды ерте анықтау көрсеткіші артты
Колоректальды обыр – қазіргі онкологиядағы өзекті мәселелердің бірі. Жыл сайын Қазақстанда бұл ауру бойынша 4 мыңға жуық жаңа жағдай тіркеледі. Абай облысында колоректальды обыр қатерлі ісіктер құрылымында сүт безі, өкпе және тері обырынан кейінгі төртінші орында тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының бас штаттан тыс онкологы, медицина ғылымдарының кандидаты Баян Бекетова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, колоректальды обырдың алдын алудағы негізгі құралдардың бірі – скринингтік бағдарлама. Қазақстанда бұл бағдарлама 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және оның мақсаты – ауруды ерте кезеңде анықтап, дер кезінде емдеуді бастау арқылы өлім-жітімді азайту.
Спикердің мәліметінше, былтыр скрининг нәтижесінде төрт колоректальды обыр жағдайы анықталған. Ал өңір бойынша жыл қорытындысында 154 жаңа жағдай тіркелген.
Онкологиялық қызмет жұмысының маңызды көрсеткіштерінің бірі – ауруды ерте кезеңде анықтау.
Сонымен қатар өңірде колоректальды обыр бойынша қолайлы динамика сақталуда. 2025 жылы сырқат салдарынан қайтыс болу көрсеткіші төмендеп, бұл бағыттағы көрсеткіштердің жақсарғаны байқалды.
Баян Бекетованың айтуынша, диспансерлік есепте тұрған пациенттер саны 723-тен 783 адамға дейін артқан. Бұл мамандандырылған медициналық көмек алып, тұрақты бақылауда жүрген науқастар санының көбейгенін білдіреді.
Сөз соңында спикер тұрғындарды скринингтік тексерулерден уақытылы өтуге шақырып, колоректальды обырды ерте анықтау емнің тиімділігін арттырып, науқастың өмір сүру ұзақтығын едәуір жақсартатынын атап өтті.