Астанада Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі азаматтық қоғамның рөлі талқыланды
Астанада «Азаматтық қоғам және ТДМ: 2030 жылға дейінгі мақсаттарға қол жеткізуді жеделдету» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыруда мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысын күшейту мәселелері сөз болды. Іс-шара Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесінің 2026 жылға арналған жоспары аясында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Тараптар ТДМ-ны іске асыруға, оның орындалуын бақылауға және қорытындысын бағалауға азаматтық қоғамды кеңінен тарту мәселелерін талқылады.
Бүгінде Қазақстанда 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олар әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, адам құқықтары, жастарды қолдау, гендерлік теңдік және жергілікті қауымдастықтарды дамыту салаларында жұмыс істейді.
Сонымен қатар жиында бюджет жоспарлау кезінде гендерлік теңдік қағидаттарын ескеру, мемлекеттік шешімдердің қоғамға әсерін бағалау және мемлекеттік органдар арасындағы бірлескен жұмысты күшейту мәселелері қаралды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленді. Оларды Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қарау жоспарланған.