Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
465.19 536.55 5.61

Абай облысында білім қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті

Бүгін, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында білім қызметкерлерінің жаңа оқу жылына арналған облыстық тамыз конференциясы өтті. «Жаңа халықтық конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбындағы маңызды шараға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Алма Шүкіжанова қатысты.

Конференцияда Білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова өңірдің білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Жиында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа оқу жылында ұстаздар алдында ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтіп, білім сапасын арттырумен қатар, заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын арттыруға, адами капиталды дамытуға, цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллектіні тиімді пайдалануға әрдайым ерекше мән беріп келеді. Президент былтырғы ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», – деп айрықша атап өткен болатын. Биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бұл талаптар одан әрі күшейді. Жасанды интеллект білім беру жүйесіне еніп келеді. Бірақ ол ұстаздарды алмастыратын құрал емес. Керісінше, мұғалімді қағазбастылықтан арылтып, әр оқушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік беретін көмекші болуы тиіс. Сондықтан біздің міндетіміз – әр мектепті заманауи технологияға бейімдеу, әр педагогтің цифрлық құзыретін арттыру және әр оқушының жаңа технологияны ел игілігіне пайдалана алатын деңгейге жетуіне толық жағдай жасау. Хакім Абай айтқандай, «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ». Бұл – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тағылым. Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытып, жаңа технологияны, жасанды интеллектіні меңгеруіміз керек. Биылғы білім маусымы мазмұны терең, мақсаты биік, жаңа жоспарлар мен жаңа межелерге бастайтын ерекше кезең болады деп сенеміз. Ұстаздарымыз бен оқушыларымызға сәттілік тілеймін», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы маңызды жиында жақында өңірге Австралияның Murdoch университетінің өкілдері келетінін, болашақта ауыл шаруашылығына бейімделген университет филиалын ашу бойынша келіссөздерді жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ, облыстың Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мақсатында 2027 жылы қаладағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында жаңа, заманауи Техникалық колледждің құрылысы басталатынын жеткізді. Тағы бір жағымды жаңалық, Білім басқармасына облыс орталығынан жаңа ғимарат берілді.

Облыс әкімі шара алдында студенттер мен оқушылардың жетістіктері ұсынылған көрмені тамашалады.

Бүгінде Абай облысында 305 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Онда 100 мыңға тарта бала білім алуда. Соған қарамастан өңірде 6,3 мың оқушы орындарының тапшылығы бар. Оның ішінде 4,1 мың орын Семей қаласына тиесілі. Осы мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін екі жылда «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында бір ауысымда 3000 оқушыға арналған бес жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Оның үшеуі облыс орталығында болса, екеуі Аягөз және Бесқарағай аудандарында бой көтерді.

Қазіргі уақытта Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерге қосымша ғимараттар салынып жатыр. Облыстағы апатты мектептердің мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Жақында Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында 1400 орындық «ВINOM» мектебінің іргетасы қаланды. Биыл Ақсуат ауданының Екпін және Ақсуат ауылдарында 300 орындық мектептердің құрылысы басталады. «Абайға құрмет» акциясы аясында Астана қаласы Семейде 1500 орындық заманауи мектеп салуды көздеп отыр. Жаңадан бой көтеретін мектептер оқушы орын тапшылығын 4,4 мыңға қысқартып, жалпы тапшылық 1,9 мың орынды құрайды деп болжануда. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс одан әрі жалғасатын болады.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы 9 мектеп, биыл 5 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Пәндік кабинеттер сатып алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы 64 мектепке 90 пән кабинеті, 2026 жылы 32 оқу кабинеті сатып алынды.

2026 жылы өңірге қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің 200 білім беру гранты бөлінді. Оның 175-і педагогикалық, техникалық, медициналық, ауыл шаруашылығы, IT және басқа да басым бағыттарға, 25 грант теолог, режиссер және дефектолог мамандарын даярлауға бағытталды. Мұндай грант өткен жылы да бөлінген болатын.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив