Қазақстан – Қытай: инклюзия және оңалту технологиялары саласындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері
Бүгін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде министрлік басшылығы мен Қытайдың мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көмекші құралдар мен технологиялар орталығының делегациясы арасында кездесу өтті.
Жүздесу барысында тараптар әлеуметтік қорғау және оңалту саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, озық тәжірибе алмасу, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мен техникалық оңалту құралдарын өндіру, ассистивті технологияларды дамыту, сондай-ақ мамандар даярлау мәселелеріне назар аударылды.
Қазақстанда 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы кезең-кезеңімен іске асырылуда. Құжат тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, әлеуметтік инфрақұрылым мен қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, кедергілерді жоюға және мүгедектігі бар адамдардың дербес өмір сүруіне қажетті жағдай жасауға бағытталған.
Қазіргі таңда елімізде 756,2 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – азаматтардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оңалту қызметтері мен техникалық оңалту құралдарының қолжетімділігі мен сапасын одан әрі арттыру.
Министрліктің мәліметінше, заманауи оңалту жүйесін дамыту инновациялық технологиялар мен халықаралық тәжірибені кеңінен қолдануды талап етеді.
«Біз оңалту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және тиімді технологиялық шешімдерді енгізуге мүдделіміз. Бұл ретте тәжірибе алмасу, маман даярлау, ассистивті технологияларды дамыту, өндірісті локализациялау және техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің заманауи тетіктерін сынақтан өткізу секілді шаралар маңызды бағыттар санатында. Басты міндетіміз – оңалту қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, мүгедектігі бар адамдардың дербестігін кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер жасау», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері.
Кездесу барысында протездеу, ортездеу және ассистивті технологияларды дамытуға ерекше назар аударылды. Қытай тарабы практикалық өзара іс-қимылға, сараптамалық-техникалық тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.
Бұл бағытта Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы маңызды рөл атқарады. Орталық оңалту, техникалық оңалту құралдары, протездеу және ортездеу салаларындағы жобаларды ғылыми-әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеумен қатар, инновациялық және цифрлық шешімдерді енгізу бағытында да жұмыс жүргізеді.
Қытайлық әріптестермен ынтымақтастық озық технологиялар мен кәсіби тәжірибе алмасуға, кадрлық әлеуетті арттыруға және Қазақстанда заманауи оңалту шешімдерін енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тараптар сараптамалық тәжірибе алмасуды жандандырып, бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын пысықтауға уағдаласты. Олардың қатарында технологиялар мен тәжірибе алмасу, мамандар даярлау, протездеу мен ортездеу ісін дамыту, ассистивті технологияларды енгізу және оңалту саласындағы заманауи шешімдерді сынақтан өткізу бар.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға, олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталған жұмысты жалғастырады.