Қалбатау–Майқапшағай: халықаралық дәліздегі жол инфрақұрылымы жетілдірілуде
Абай облысындағы «Қалбатау–Майқапшағай» автожолында негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, жол былтыр көлік қозғалысына толық ашылған болатын. Қазір халықаралық маңызы бар дәлізде жол қауіпсіздігін арттыруға және инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр.
Қытай мен Ресей бағыттарын байланыстыратын стратегиялық маңызы бар бұл күре жолда қорғаныс қоршаулары мен қардан қорғайтын қалқандар орнатылып, аялдамалар мен жылыту пункттері салынуда.
Мердігер компания өкілі Дидар Сахаритовтың айтуынша, бірқатар учаскеде жұмыстар аяқталуға жақын.
«Бірінші учаскені былтыр тапсырған болатынбыз. Қазір төртінші учаскені пайдалануға беруге дайындалып жатырмыз. Үшінші учаскедегі жұмыстар 90 пайызға орындалды. Қалған бөлігінде барьерлік қоршаулар, қар ұстайтын қалқандар мен жылыту пунктіне қатысты жұмыстар жүргізілуде», – деді ол.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи техникалық құралдар да енгізіледі. Атап айтқанда, көлік жылдамдығын бақылау құрылғылары орнатылып, ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін жүйе іске қосылады. Бұл көлік қозғалысын тиімді реттеп, жолдың сақталуын және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Байбура асуында жылыту пункті салынып жатыр
Жолдың 970-шақырымындағы «Байбура» асуында жылыту пунктінің құрылысы жүргізілуде. Бұл учаске қыс мезгілінде қалың қар мен боранға байланысты көлік жүргізушілері үшін күрделі аумақтардың бірі саналады.
Қолайсыз ауа райы кезінде жолда қалып қойған жүргізушілер мен жолаушыларға қажетті жағдай жасау үшін жылыту пунктінің маңызы зор. Қазір нысанға электр желісін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
№29 жол пайдалану бөлімінің басшысы Гүлдарай Мұхамадиеваның айтуынша, тас жолдағы негізгі жұмыстар толық аяқталған. Жол белгілері орнатылып, қозғалыс жолақтары сызылған.
«Қалбатау–Майқапшағай» тас жолы қазір көлік қозғалысына қолайлы. Негізгі жұмыстар аяқталды. Біздің мекеме жыл бойы осы күре жолды тиісті жағдайда ұстау жұмыстарын жүргізеді. Жолаушылардан алғыс естіп жатамыз. Өйткені бұрынғы жол мен қазіргі жолдың айырмашылығы айтарлықтай», – деді ол.
Жергілікті тұрғындар да жолдың сапасы мен қауіпсіздігінің артқанын атап өтуде. Әсіресе қыста қар құрсауында қалу қаупі жоғары болған «Байбура» асуындағы жағдайдың жақсарғанына оң баға беріп отыр.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайын бағалауға бағытталған «Халықтық бақылау» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында жолдардың жағдайы тексеріліп, құрылыс жұмыстарының сапасына тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Пайдалануға берілуі жоспарланған учаскелердегі жұмыстарды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» мамандары да бақылауда ұстап отыр.
Жаңғыртылған «Қалбатау–Майқапшағай» автожолының стратегиялық маңызы зор. Ол Қазақстанның шығыс өңірін халықаралық көлік дәліздерімен байланыстырып, Қытай мен Ресей арасындағы транзиттік қатынастың дамуына және өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.