Мәдениет және ақпарат министрі сайлау кезеңінде БАҚ пен блогерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды
Сайлауалды науқан кезеңінде журналистер, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты бірқатар сауал туындап отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі сөз бостандығы мен ақпарат таратуға қатысты заң талаптарын түсіндірді.
Министрлік журналистер мен блогерлердің заң аясында өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңына сәйкес, журналистер кәсіби қызметі барысында фото, аудио және бейнетүсірілім жүргізуге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы.
Сонымен қатар заңда адамның келісімінсіз оның бейнесін түсіруге және пайдалануға жол берілетін жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, адам көпшілік іс-шараларға, оның ішінде мәдени-бұқаралық, спорттық, қоғамдық іс-шараларға немесе бейбіт жиналыстарға қатысқан жағдайда; таратылатын ақпарат оның қызметтік немесе қоғамдық қызметіне қатысты болған кезде; сондай-ақ адам өз бейнесін ашық дереккөзде өзі жариялаған жағдайда түсірілім жүргізуге болады. Бұған қоса, адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болған жағдайда да келісім талап етілмейді.
Министрлік әлеуметтік желілердегі бұқаралық ақпарат құралдары, журналистер, белсенділер мен блогерлердің аккаунттары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, соның ішінде БАҚ өкілдері мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Министрлік сөз бостандығын немесе журналистер мен блогерлердің заңды кәсіби қызметін негізсіз шектеуге жол берілмеуге тиіс екенін атап өтті.
Сонымен бірге мұндай мәселелерге қатысты кез келген негізсіз әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлердің құқықтарына ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де кері әсер етуі мүмкін.
Министрлік қазіргі кезеңде сөз бостандығы мен азаматтық жауапкершіліктің арақатынасына ерекше мән беріп отыр. Мемлекет журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті болғанымен, сөз бостандығы таратылатын ақпараттың анықтығы мен оған деген жауапкершілікті де талап етеді.
Ведомство заң алдында азаматтардың бәрі тең екенін атап өтті. Адамның лауазымы, қоғамдық мәртебесі, кәсібі, танымалдығы немесе әлеуметтік желідегі жазылушылар саны оған заң талаптарын елемеуге артықшылық бермейді.
Осы тұрғыда «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы ерекше. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етумен қатар, әр адамның өз әрекеті мен таратқан ақпараты үшін жауапкершілік алуы маңызды.
Министрлік журналистер мен блогерлер үшін ақпараттың анықтығын тексерудің маңыздылығына да назар аударды. Әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды.
Сонымен қатар заңсыз контент пен заңды пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату қажеттігі атап өтілді. Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге себеп болмауы тиіс.
Министрлік медиа қауымдастықты ақпарат тарату кезінде жауапкершілік танытуға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.
Ведомствоның пікірінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің үйлесуі азаматтардың құқықтары қорғалатын, заң талаптары баршаға бірдей қолданылатын және қоғамдық диалог нақты дерек пен өзара құрметке негізделетін қоғам қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.