Семейде Аустралияның Мёрдок университетінің филиалын ашу мәселесі талқыланды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Аустралияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі Мёрдок университетінің делегациясымен кездесті.
Кездесуге Мёрдок университетінің жаһандық байланыстар жөніндегі проректордың орынбасары Саймон Джон МакКирди, тамақ өнеркәсібін дамыту перспективалары институтының проректоры Питер Мостин Дэвис, сондай-ақ, Мёрдок университетінің Дубай кампусының атқарушы директоры және стратегиялық серіктестік жөніндегі директоры Мохамед Абдулхалек Мохамед Ба, Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков қатысты.
Мёрдок университеті – QS World University Rankings 2027 әлемдік рейтингінде 422-орында тұрған жетекші мемлекеттік зерттеу университеті. Университет ауыл шаруашылығы, ветеринариялық медицина, азық-түлік қауіпсіздігі және тағам технологиялары салаларында жоғары ғылыми әлеуетке ие.
Кездесу барысында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, академиялық ұтқырлықты арттыру, сондай-ақ, бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Абай облысында Мёрдок университеті филиалын ашу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бастама өңірде халықаралық деңгейдегі мамандар даярлауға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және озық технологияларды өндіріске енгізуге мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы облыс әкімдігі филиалдың жеке ғимаратын салу үшін Smart City ауданынан жер телімін беру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Қонақтар Абай облысының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жоғары бағалап, ынтымақтастық орнатуға бейілді екенін айтты
Бүгінде Абай облысы Аустралиямен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударып отыр. Қазақстанның 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспары аясында Аустралияның қой шаруашылығы, селекция, өнімді терең өңдеу және экспорттық өндіріс тәжірибесі өңір үшін маңызды. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов бастаған делегация Аустралияның озық тәжірибесімен танысып қайтты.









