Cемей22°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
461.39 534.75 5.45

Әскери-инженерлік институт кіші мамандарды даярлап шығарды

Бүгін, 17:26 018.kz

Радиоэлектроника және байланыс әскери - инженерлік институтының оқу орталығында әскери мамандықтар бойынша үш айлық даярлық курсынан өткен мерзімді әскери қызметшілердің оқу бітіру рәсімі өтті.

Күзгі шақырылымнан 75-тен астам әскери қызметші әскери мамандықтарды меңгергені туралы куәлік алды. Алдағы уақытта олар Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери бөлімдерінде қызметін жалғастырады.

Оқу-жаттығу курсын сәтті аяқтаған әскери қызметшілерді РЭБӘИИ бастығының орынбасары полковник Жолшыбек Нұрлыбеков құттықтап, алдағы әскери қызметтеріне табыс және Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқаруды тіледі.

Үш ай бойы әскери қызметшілер жауынгерлік, арнайы және техникалық пәндер бойынша теориялық және практикалық даярлықтан қарқынды өтті. Курс аяқталған соң олар сынақ тапсырып, таңдаған әскери мамандықтарын меңгеру деңгейін растады. Оқу барысында үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерге әскери институт басшылығының атынан алғысхаттар табысталды.

Даярлықтан радиотехникалық әскерлер мен арнайы байланыс мамандары, радиолокациялық станциялар мен зениттік-зымырандық кешендердің операторлары, сондай-ақ дизельші-электриктер өтті. Биылдан бастап оқу бағдарламасына ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару курсы да енгізілді.

– Үш ай ішінде көптеген жаңа білім алып, практикалық дағдыларды меңгердік. Мен С-300 зениттік-зымырандық кешеніне қатысты мамандықты игердім. Алған біліміміз алдағы уақытта қызметімізді жалғастырып, еліміздің әуе шебін қорғау міндеттерін орындайтын әскери бөлімдерде қажетімізге жарайтынына сенімдімін, – деді мерзімді әскери қызметші Едіге Есімханов.

Биылғы түлектерді есепке алғанда РЭБӘИИ оқу орталығы мерзімді және келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қатарынан 300-ге жуық кіші маман даярлап шығарды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив