Абай облысында акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына бақылау күшейтілді
Абай облысында алкоголь өнімдері, темекі бұйымдары және мұнай өнімдерінің заңды айналымын қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік бақылау жүргізілуде. Негізгі мақсат – заңсыз өнімдердің таралуына жол бермеу, адал кәсіпкерлерді қорғау және тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мәлімдеді.
Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмыстары және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Асем Тұрлыбекованың мәліметінше, алкоголь өнімдерін сақтау және бөлшек саудада өткізу үшін кәсіпкердің тиісті лицензиясы болуы қажет.
Мемлекеттік бақылаудың тағы бір маңызды бағыты – темекі өнімдерінің айналымы.
Міндетті цифрлық таңбалауға жататын темекі өнімдерінде Data Matrix коды болуы тиіс. Цифрлық таңбалау тауардың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Айдос Байсалбай мұнай өнімдерінің айналымына қатысты талаптарға да тоқталды.
Оның айтуынша, бензин, дизель отыны, авиациялық отын және мазут сияқты мұнай өнімдерін сақтау және өткізу кезінде салық есептілігін уақтылы ұсыну, өнімдердің қозғалысын есепке алу және қажетті құжаттарды ресімдеу талаптарын сақтау қажет.
ҚР ӘҚБтК-нің 283-1-бабына сәйкес, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдемеу, сондай-ақ акцизделетін өнімдерді ТІЖ-сыз айналымға шығару 20-дан 200 АЕК-ке дейін айыппұл салуға және тауарды тәркілеуге әкеп соғуы мүмкін.