Қазақстан Еуразия нарығында жапон рамэні желісінің өңірлік даму орталығына айналады
Shin-Line Group компаниясы мен халықаралық AJISEN RAMEN мейрамханалар желісінің иесі жапондық Shigemitsu Industry компаниясы мастер-франшиза беру және бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды. Серіктестердің жоспарына сәйкес, 2027–2031 жылдары Қазақстанда және өңір елдерінде 50-ге дейін мейрамхана ашу көзделіп отыр.
Келісімге Жапониядағы Қазақстан Елшілігінде Shin-Line Group президенті Андрей Шин мен Shigemitsu Industry президенті Кацуақи Шигэмицу қол қойды.
Ұзақ мерзімді әріптестік аясында Ajisen Ramen Central Asia бірлескен кәсіпорны құрылып, ол өңірлік басқару, франчайзинг, өндіріс және өнімдерді жергілікті нарыққа бейімдеу функцияларын атқармақ. Кеңейтудің негізгі кезеңі 2027–2031 жылдарға жоспарланған.
Қазақстан жобаның негізгі операциялық, логистикалық және өндірістік базасына айналады. Осы жерден бренд кезең-кезеңімен Орталық Азия, ЕАЭО елдері, Кавказ және Шығыс Еуропа нарықтарына шығады. AJISEN RAMEN-нің алғашқы мейрамханасын Алматы қаласында ашу жоспарланып отыр.
Алматы облысының Байсерке ауылындағы Shin-Line өндірістік қуаттары базасында бірыңғай жапондық сапа стандарттарын қамтамасыз ететін, логистикалық үдерістерді оңтайландыратын және шикізатты жергілікті деңгейде барынша пайдалануға мүмкіндік беретін орталықтандырылған өндіріс орны құрылады. Бұл ретте халал талаптарын міндетті түрде сақтау көзделеді.
Ынтымақтастық аясында жапондық озық технологияларды, өндірістік стандарттар мен тағам дайындау рецептерін трансферттеу және оларды жергілікті тұтынушылардың талғамына сай жасауға баса назар аударылады. Бұл серіктестік өңірде жапондық гастрономиялық мәдениеттің жаңа орталығын қалыптастыруға, шетелдік инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның тамақ өнеркәсібіне инновациялық басқару стандарттарын енгізуге жол ашады.