Семейде 20 отбасы баспаналы болды
Бүгін Семей қаласында осал топтағы азаматтарға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға және толық емес отбасыларға пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Тұрғындарды баспанамен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы облыс орталығында барлығы 327 жалға берілетін пәтер сатып алынды. Соның ішінде Морозов көшесінде орналасқан «Тарлан» заманауи тұрғын үй кешені «Отбасы банк» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға бөлу үшін берілді.
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін қуанышты мезетпен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Тарлан» заманауи тұрғын үй кешені 5 қабаттан, 19 подьезден, 463 пәтерден тұрады. Жалпы жергілікті әкімдік тарапынан 90-нан астам пәтер сатып алынды.
Баспаналы болған тұрғындар өз ризашылықтарын жеткізді.
Қазіргі таңда қаланы көркейту, қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» мемориалы маңындағы 10 мың шаршы метр аумақ толық реконструкцияланып, абаттандырылды және автоматты суару жүйесі орнатылды. Сол жерде «Абайға құрмет» акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысы Рәміздер алаңын салды.
Әміре Қашаубаев атындағы филормония алдындағы қоғамдық кеңістікте 5 мың шаршы метр аумақ жаңартылып, қолданысқа берілді. Теміржол вокзалының аумағында 3,4 мың шаршы метр қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары басталды.
Биылдан бастап облыс орталығындағы теміржол өткелдерін кезең-кезеңімен жөндеу қолға алынды. Речников,
Қаржаубайұлы, Лебаев, Мичурин көшелеріндегі өткелдерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы қала әкімдігі 9 теміржол өткелін жөндеуді жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді.










