Орталық Азия сарапшылары деректер негізінде экономикалық саясатты әзірлеу мәселелерін талқылауда
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ұлыбританиядан келген мемлекеттік органдардың 150-ден астам өкілі мен сарапшысы осымен екінші рет өткізіліп жатқан «Орталық Азиядағы экономикалық дамудағы тиімді басқару» конференциясына қатысып жатыр. Екі күн бойы (17-18 мамыр) қатысушылар инновациялық тәсілдерді талқылап, мемлекеттік саясат пен реформалардың тиімді шараларын әзірлеу үшін дәлелді деректерді пайдалану саласындағы озық тәжірибелермен бөліседі.
Конференция Ұлыбританияның Сыртқы істер, достастық және даму министрлігі арқылы Ұлыбритания үкіметі қаржыландыратын және Дүниежүзілік банк пен техникалық ынтымақтастық және даму агенттігі (ACTED) жүзеге асыратын «Экономикалық даму үшін тиімді басқару» (EGED) бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Бағдарлама Орталық Азия елдерінде мемлекеттік саясатты қалыптастыру процесіне азаматтық қоғамды тартудың инклюзивті тәсілдерімен қатар қазіргі заманғы талдамалық әдістерді қолдануға жәрдемдесуде неғұрлым сапалы деректер мен нақты материалдар дайындау мақсатында 2022 жылдан бастап іске асырылып келеді.
«Дүниежүзілік банк басқаратын Экономикалық даму үшін тиімді басқару бағдарламасы (EGED) – реформалардағы ұстанымымызды бөлісуге және серіктестерімізден кері байланыс алуға мүмкіндік беретін платформа. Алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін біз статистика жүйесін үздіксіз жаңартып келеміз. Біздің негізгі миссиямыз – шешім қабылдау үшін сенімді деректерді ұсыну арқылы барлық пайдаланушылардың, әсіресе азаматтық қоғамның сенімін қамтамасыз ету», – деді конференцияда сөз сөйлеген ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев.
Іс-шара барысында қатысушылар деректерді жинау және талдау, сондай-ақ оларды мемлекеттік саясатта пайдалану тәжірибесімен бөліседі. Дүниежүзілік банктің сарапшылары «Орталық Азия азаматтарын тыңдай отырып» атты соңғы зерттеудің нәтижелерін баяндайды. Онда азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін факторлар, сондай-ақ өңірдегі барлық елдің билік органдарының жұртшылықпен өзара тиімді іс-қимыл жасау тетіктері талданады.
«Орталық Азияның нақты деректер негізінде мемлекеттік саясатты әзірлеу саласында зор әлеуеті бар. Бүгінгі конференция – аймақтың осы бағыттағы прогресін жеделдететін катализатор. Сенімді деректер мен нақты материалдарды жинау және пайдалану – Дүниежүзілік банк қызметінің маңызды құрамдас бөлігі және Орталық Азия елдерінің осы бағытта тығыз қарым-қатынас орнатқаны қуанышты», – деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскурякова.
Қазақстан «Орталық Азиядағы экономикалық даму үшін тиімді басқару» бағдарламасына 2023 жылдың наурызында қосылды.