Облыс әкімі қадірменді қарияларға құрмет көрсетті
Аймақ басшысы Берік Уәли Қарттар күніне орай және мұғалімдер күні қарсаңында Семей қаласында тұратын ардагерлердің шаңырағына барып, қос мерекемен құттықтады. Облыс әкімі әуелі ұлағатты ұстаз, білім саласының ардагері Төлеу Анапьяновамен кездесті. Төлеу Қажиқызы 1935 жылы Көкпекті ауданында дүниеге келген. Большевик (қазіргі Тассай ауылы) совхозында жеті жылдық мектепті бітірген соң Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алған. 40 жылға жуық уақыт Ақсуат ауданының мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, жүздеген шәкіртке білім мен тәрбие берді. Қызметтегі біліктілігі мен табандылығы үшін КСРО-ның «Аға мұғалім» атағына ие болды. Төлеу Қажиқызы жұбайы Сләмбек Әбілмәжіновпен бірге 10 баланы өсіріп, тәрбиелеп, «Батыр ана» атағына ие болды. Ұзақ жылғы елеулі еңбегі үшін Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілген. Жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асады. Облыс әкімі еңбек саласының ардагері Қанатқали Құндақовтың шаңырағына да барды. Қанатқали Құндақов 1946 жылы Абай ауданында дүниеге келген. 1966 жылы орта мектепті бітіріп, еңбек жолын Архат ауылында жұмысшы болып бастаған. 1970-1975 жылдары Семей педагогикалық институтының тарих факультетінде білім алып, кейін қала мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. Әр жылдары Жаңасемей аудандық білім қоғамының жауапты хатшысы, Жаңасемей аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, Семей қалалық еңбек қатынастары және көші-қон бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Еңбек жолының елеулі бөлігін көші-қон, демография және әлеуметтік қорғау салаларына арнаған ардагердің жалпы еңбек өтілі 42 жылды құрайды. Аймақ басшысы ардагерлерді Қарттар күнімен және мұғалімдер күнімен құттықтап, олардың ел игілігі жолындағы еңбегі мен өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
«Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Егемен еліміздің тарихи бастауында тұрып, қуатты мемлекетті қалыптастыруда дария кеуде, тау мүсін, қазыналы қарттардың еңбегі ұшан-теңіз. Қазіргі қоғам жол көрсетіп, жөн сілтейтін ұлттық тәрбиенің негізі болған ақсақалдармен құнды. Сіздер өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі, бастау бұлағысыздар. Өңіріміздің өркендеуі үшін сіңірген еңбектеріңіз зор. Мемлекет тарапынан ел Президентінің қолдауымен аға буын өкілдеріне әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында нақты шаралар қабылданып келеді. Атадан қалған аманатты ұрпақ бойына сіңіріп, сабақтастықты үзбей, қоғам игілігі жолында атқарған зор еңбектеріңіз үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!», – деді Берік Уәли.
Кездесу барысында облыс әкімі Төлеу Қажиқызына «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Айта кетейік, Қанатқали Құндақовқа 1 қазанда өткен ардагерлерге арналған салтанатты жиында осы төсбелгі тапсырылған болатын.



