Қазақстанда үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру шеңберінде құрылыс салушыларды бағалаудың рейтингтік моделі жаңартылды
2026 жылғы 10 қазаннан бастап тұрғын үй құрылысы жобалары бойынша кепілдік беру туралы шарт жасасу үшін құжаттарды қарау қағидаларына енгізілген, құрылыс салушылар мен құрылыс жобаларын бағалаудың рейтингтік моделін жаңартуды көздейтін өзгерістер күшіне енді. Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 25 қыркүйектегі № 478 бұйрығымен бекітілді.
Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы болып табылатын «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру туралы өтінімдерді қарау кезінде жаңартылған рейтингтік модельді қолданады.
Жаңартылған модель құрылыс жобаларын бағалаудың ашықтығын, объективтілігін және тәуекелге бағдарланған тәсілін арттыруға, сондай-ақ кепілдік беру туралы шешімдер қабылдау кезінде бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз етуге бағытталған.
Модельдің негізінде құрылыс салушының қаржылық жағдайын, тұрғын үй жобаларын іске асыру тәжірибесін, өзінің қаржылық қатысу деңгейін, төлем тәртібін, жобаның коммерциялық тартымдылығы мен қаржылық тұрақтылығын ескеретін көп факторлы бағалау жатыр.
Бағалау көрсеткіштердің екі негізгі тобы бойынша жүзеге асырылады:
Қаржылық көрсеткіштер – құрылыс салушы қызметінің және меншікті капиталының рентабельділігі, ағымдағы өтімділігі және қаржылық тәуелсіздігі.
Сапалық және жобалық көрсеткіштер – құрылысты аяқтау тәжірибесі, бұрын берілген кепілдіктер бойынша міндеттемелердің орындалу тарихы, жобаны қаржыландыруға өзінің қатысуы, төлем тәртібі, құрылыс құнының негізділігі, баға саясаты және құрылыс құнының ықтимал өсуіне қатысты жобаның орнықтылығы.
Бағалау нәтижелері бойынша құрылыс салушы мен мәлімделген жобаның тәуекел деңгейін жиынтық түрде көрсететін қорытынды рейтингтік балл қалыптастырылады. Кепілдік жарнасының мөлшерлемесін қолдану үшін құрылыс салушы кемінде 50 балл жинауы қажет.
Жаңартылған модельдің маңызды ерекшелігі – құрылыс салушылардың рейтингтің жекелеген көрсеткіштеріне ықпал ету мүмкіндігі. Атап айтқанда, жобадағы өз қаражатының үлесін ұлғайту, қаржылық тұрақтылықты нығайту, құрылысы сәтті аяқталған нысандар бойынша тәжірибесін растау, жобалау-сметалық құжаттаманы өзектендіру және қосымша растаушы құжаттарды ұсыну бағалау нәтижелерін жақсартуға ықпал етуі мүмкін.
Осылайша, жаңа тәсіл құрылыс салушыларға бағалау өлшемшарттарын жақсырақ түсінуге, ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға және өз жобаларының орнықтылығын арттыру үшін қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте жекелеген тәуекел факторларының болуы барлық жағдайда кепілдік беруден бас тартуға негіз болмайды. Шешім заңнама талаптары мен белгіленген бағалау рәсімдерін ескере отырып, жобаны кешенді талдау нәтижелері бойынша қабылданады.
Жаңартылған рейтингтік модельді қолдану құрылыс жобаларын бағалау сапасын арттыруға, қабылданатын шешімдердің бірізділігі мен болжамдылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ құрылыс салушылардың қаржылық тұрақтылығын арттыруға қосымша ынталандыру жасауға мүмкіндік береді.
Тәуекелдерді бағалау тәсілдерін жетілдіру – үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру жүйесін одан әрі дамытудың маңызды қадамы. Бұл аяқталмаған құрылыс тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған.