Абай ауданында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды
Республика күні қарсаңында Құндызды ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нысан төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырмақ.
Тұрғындардың қауіпсіздігі – елді мекеннің тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі. Әсіресе ауылдық жерлерде өрт сөндіру қызметінің қолжетімді болуы төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың салдарын азайтуда ерекше рөл атқарады. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі Құндызды ауылдық округінде жүзеге асты. Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында мұнда жаңа өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы мен Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Жамбыл Убайдуллаұлы қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды нысанның іске қосылуымен құттықтады.
Жаңа өрт сөндіру пунктінің ашылуы – ауылдың өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Өрт немесе өзге де төтенше жағдай туындаған кезде оқиға орнына дер кезінде жету, алғашқы әрекеттерді жедел ұйымдастыру адам өмірі мен мүлкін сақтауда шешуші мәнге ие. Сондықтан мұндай нысандардың ауылдық жерлерде жұмыс істеуі қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында өрт сөндіру пунктіне арнайы техника да табысталды. Атап айтқанда, Абай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің және №17 өрт сөндіру бекетінің балансынан ЗИЛ-4333 маркалы өрт сөндіру көлігі берілді. Арнайы техниканың болуы өрт сөндірушілердің оқиға орнына жедел жетіп, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруына жағдай жасайды.
Салтанатты рәсімде ауыл ақсақалы ақ батасын беріп, ел ағалары жаңа нысанның лентасын қиды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін ортақ қуаныш қана емес, елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды оқиға.
Жалпы, өрт сөндіру пунктінің пайдалануға берілуі Құндызды ауылының төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді жергілікті жерде жедел шешуге мүмкіндік береді.
Ауылдың тыныштығы мен тұрғындардың амандығы – ортақ жауапкершілік. Ал жаңа өрт сөндіру пункті осы жауапкершілікті қамтамасыз ететін маңызды нысандардың біріне айналмақ.

