Семейдің Орталық алаңы: жарты ғасырға жуық тарихы бар шаһар шежіресі
Семей қаласының бүгінгі келбетін айқындайтын қоғамдық орындардың бірі – Орталық алаңның тарихы өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастау алады. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, шаһардың осы бір маңызды нысаны талай тарихи кезеңнің куәсі болып келеді.
1974 жылы Семейде Кеңестер үйінің (қазіргі әкімдік ғимараты) жанынан В. Ленин ескерткішін орнатуға арналған митинг өткен. Сол жиында болашақ алаңға В. Ленин есімі берілетіні жарияланды. Алайда алаңның құрылысы бірден аяқталмай, үш жылға созылған.
1977 жылы «Иртыш» газетінде «Алаң ажарын өзгертуде» атты мақала жарық көрді. Басылымда құрылысшылардың темірбетон тақталарын төсеу, жасыл желектерді суаруға арналған су құбырларын тарту жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқаны жазылған.
Сол кездегі Семей қалалық Кеңесі төрағасының орынбасары Владимир Дегтярев журналистке берген сұхбатында жаңа алаңның жалпы аумағы 24 мың шаршы метрге жуық болатынын айтқан. Оның 10 мың шаршы метрі көгалдар мен гүлзарларға арналмақ болған. Ал алаң аумағындағы суару құбырларының жалпы ұзындығы үш шақырымға жуықтады.
Жобаның басты нысаны биіктігі 18 метр болатын В. И. Лениннің қола ескерткіші еді. Оның авторы – мәскеулік мүсінші П. И. Бондаренко. Ескерткіш тұғыры қызғылт түсті жылтыратылған таспен қапталды. Әрлеу жұмыстарына қажетті құрылыс материалдары Мәскеу және Алматы облыстарынан жеткізілген.
Алаңның тағы бір көрнекті нысаны – 350 су атқышы мен жарықтандыру жүйесі бар сәндік субұрқақ болған. Газеттегі мәліметке сүйенсек, оның су шапшымаларының биіктігі алты метрге дейін жетті. Ал жер астындағы сорғы станциясы сағатына мың текше метрге жуық суды айдауға қауқарлы болған.
Алаң құрылысын жүргізуге Семейдің бірқатар кәсіпорны мен мекемелері атсалысқан. Олардың қатарында «Семводоканал», «Водоканалстрой», «Гордострой», «Отделстрой», «Семводострой» және КСЖБ №1 мекемелері бар. Осылайша, үш жылға созылған құрылыс жұмыстары 1977 жылдың күзінде толық аяқталды. Ал 6 қарашада ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, осы оқиғаға орай митинг ұйымдастырылды.
Уақыт өте келе қаланың қоғамдық кеңістігі де өзгерістерге ұшырады. 1990-жылдары Ленин алаңы Орталық алаң деп атала бастады. Кейін ескерткіш Тарих аллеясына көшірілді. 2016 жылы алаңның тас төсемі жаңартылып, музыкалық субұрқақ салынды. Ал 2022 жылы көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында Абай көшесі жағындағы аумақтың бір бөлігі оңға бұрылатын жолаққа беріліп, алаң көлемі қысқарды.
Бүгінде Орталық алаң – Семей қаласының қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар кеңістік. Оның тарихы шаһардың сәулеттік келбеті мен қала құрылысының әр кезеңдегі өзгерістерін бейнелейді. Бір кездері газет беттерінде құрылыс барысы баяндалған бұл алаң бүгінде бірнеше ұрпақтың естелігіне айналған тарихи орындардың бірі.
Қазір алаңда абаттандыру және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, алаң жаңа келбетімен құлпырып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін көрікті демалыс орнына айналмақ.