Cемей0°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
453.26 506.7 5.58

Кәмен Оразалин музей-үйінде тағылымды кездесу өтті

29-09-2026, 19:30

28 қыркүйек – қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туған күніне орай Кәмен Оразалиннің музей-үйінде «Ұстаз ұлағаты» тақырыбында рухани-танымдық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Тағылымды басқосудың негізгі мақсаты – Мұхтар Әуезов пен оның шәкірті Кәмен Оразалин арасындағы рухани байланысты дәріптеу, ұстаз бен шәкірт сабақтастығының маңызын жас ұрпаққа таныту, қаламгерлер мұрасын насихаттау. Шараны музей меңгерушісі Қ. Оразалина ашып, қатысушыларға Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқаша мәлімет берді. Сонымен қатар ұлы жазушының әдеби мұрасын кеңінен таныстыру мақсатында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылғанын атап өтті.

Кездесу барысында сөз алған М. Әуезов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А. Желдібаева қос қаламгер арасындағы рухани байланыстың мәніне тоқталды. Оның айтуынша, Мұхтар Әуезов пен Кәмен Оразалин арасындағы ұстаздық қарым-қатынас уақыт өте келе шығармашылық сабақтастыққа ұласып, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды жол қалыптастырған.

Сондай-ақ педагог жас ұрпақтың бойына осындай рухани құндылықтарды сіңірудің, ұлы тұлғалардың өмірі мен еңбегін үлгі етудің маңыздылығын атап өтті. Кітап оқуға, көркем әдебиетке деген қызығушылықты арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді. Дөңгелек үстелге қатысушылардың бірі, аудандық мәслихат депутаты, жазушының нағашысы А. Сейтенов те өз ойымен бөлісті. Ол Кәмен Оразалиннің төрт томдық «Абайдан соң» романына тоқталып, бұл туындыны Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық болмысын көркем әдебиет арқылы танытатын алғашқы еңбектердің бірі ретінде атап өтті.

Сонымен қатар А. Сейтенов алдағы жылы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 130 жыл толуына орай өтетін мерейтойлық іс-шаралар кезінде «Абайдан соң» романын елге келетін құрметті қонақтарға тарту ретінде ұсыну жөніндегі ұсынысын ортаға салды. Жиынды музей қызметкері Е. Кәменұлы жүргізіп отырды. Кездесу барысында қатысушылар ұстаз бен шәкірт арасындағы тағылымды байланыстың әдебиет тарихындағы орнын талқылап, рухани мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызы жөнінде пікір алмасты. Шара соңында қонақтар арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалап, естелік суретке түсті.

«Ұстаз ұлағаты» атты рухани кездесу ұлы Мұхтар Әуезовтің әдеби мұрасын дәріптеп қана қоймай, оның шәкірті Кәмен Оразалиннің шығармашылық жолын да кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Ұстаздан шәкіртке жалғасқан өнеге мен рухани сабақтастық – ұлт әдебиетінің баға жетпес қазынасы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив