Абай облысында «Білім-Инновация» лицейінің құрылысы басталды
Бүгін Семейде дарынды балаларға арналған жаңа облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жаңа білім ордасының өңір үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарына сұраныстың артуына байланысты 400 орындық жаңа лицейдің құрылысы қолға алынды. Ғимарат жанынан 300 оқушыға арналған жатақхана салынады. Жоба құны – 6,8 млрд теңге. Нысан 4,7 гектар жер учаскесінде орналасады. Ғимарат үш қабаттан тұрады. Жобада математика, физика, химия, биология, информатика және робототехника пәндеріне арналған оқу кабинеттері, жаратылыстану бағытындағы зертханалар мен заманауи IT сыныптары қарастырылған.
Сонымен қатар, мұнда шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер, спорт залы, асхана, кітапхана, мәжіліс залы және медициналық кабинет болады. Ғимарат аумағында демалыс орындары, көгалдандыру аймақтары, жаяу жүргіншілер жолдары мен автотұрақ салу көзделген.
Жаңа білім ордасының іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген ұстаздар мен ата-аналар өз ризашылықтарын жеткізді.
Семейдегі «Білім-Инновация» лицейі 1994 жылы құрылған. Осы кезеңде лицей көптеген дарынды оқушыны тәрбиелеп, олардың республикалық және халықаралық деңгейде білімін көрсетуіне мүмкіндік берді. Лицей оқушылары бірнеше жыл қатарынан облыстық «Үздік олимпиадалық команда» атағын иеленіп, пәндік олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Қазіргі уақытта лицей 1981 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Нысанның жобалық қуаттылығы 140 орын болғанымен, мұнда 224 оқушы білім алуда. Лицейге деген сұраныс жыл сайын артып келеді.
Бүгінде Абай облысында 304 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Онда 100 мыңға жуық бала білім алуда. Өңірде оқушы орындарының тапшылығы 6,3 мыңды құрайды. Оның 4,3 мыңы Семей қаласына тиесілі. Бұл мәселені шешу мақсатында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында облыста 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Семей қаласындағы Қарағайлы шағын ауданында 1400 орындық BINOM мектебінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, «Абайға құрмет» акциясы аясында Астана қаласы Семейде 1500 орындық мектеп салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек Жарма ауданының Суықбұлақ ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Ақсуат ауданының Ақсуат ауылында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 300 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы басталады.







