Cемей4°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
453.26 506.7 5.58

Көкпекті ауданында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда

Бүгін, 14:59

Көкпекті ауданында 2026 жылдың 10 айында әлеуметтік-экономикалық даму, ауыл шаруашылығын қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,5 млрд теңгеден асып, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 23,9 млрд теңгеге жуықтады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Көкпекті ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаев хабарлады.

Аудан әкімінің мәліметінше, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 млрд 514,6 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65,4%-ға артқан. Өңдеу өнеркәсібінде 814,2 млн теңгенің өнімі өндірілсе, тау-кен өнеркәсібіндегі өнім көлемі 277,6 млн теңгеге жеткен.

— Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 23 млрд 882,5 млн теңгені құрады. Есепті кезеңде 4 751,7 тонна мал және құс еті, 25 919,4 тонна сүт және 5 млн 522 мың дана жұмыртқа өндірілді. Биыл аудан бойынша 99 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, — деді Нұрбек Қошқарбаев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға да көңіл бөлінуде. Биыл 1 млрд 440,2 млн теңгеге 86 техника мен тіркеме агрегаты сатып алынған. Сонымен қатар 21 800 гектар аумақта шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары толық аяқталған.

Ауданда бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында сүт-тауарлы фермалар, мал сою алаңы, балық өсіру және өңдеу кешені, сондай-ақ жол бойындағы қызмет көрсету нысандары бар.

— Тассай ауылында толық циклді балық өсіру және өңдеу кешенін құру жобасы жоспарланған. Инвестиция көлемі 1 млрд 605 млн теңгені құрайды. Кешеннің жобалық қуаттылығы жылына 1 200 тонна балық шикізатын өңдеуге және 250 тонна тауарлық балық өсіруге мүмкіндік береді, — деді аудан әкімі.

Ақой ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға қабылданған. Ал Биғаш, Шәріптоғай, Мамай, Шұғылбай және Қарамойыл ауылдарында бұрын басталған су құбыры желілерінің құрылысы қайта жанданған.

Тұрғын үй құрылысы бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Биыл көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған 20 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталған. Бұдан бөлек, бірнеше ауылда тағы 30 тұрғын үй салынуда.

— Аудан тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі назарда. 2025 жылы салынған 58 тұрғын үйдің 41-і кезекте тұрған азаматтарға берілді. Сонымен қатар апаттық үйлерде тұратын отбасыларды баспанамен қамту жұмыстары жүргізілуде, — деді Нұрбек Қошқарбаев.

Оның мәліметінше, биыл ауданның сегіз ауылында облыстық бюджет есебінен 100 млн теңгеге сегіз абаттандыру жобасы қолға алынған. Оның жетеуі аяқталып, біреуін қараша айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сәуір айынан бері 522 сенбілік ұйымдастырылып, 4 723 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар аудан аумағына 6 мың түп көшет отырғызылған.

«Қаладан – ауылға» жобасы аясында жыл басынан бері Көкпекті ауданына 50 отбасы, яғни 131 адам қоныс аударған. Жас мамандарды қолдау мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға 13 маманға 127,6 млн теңге көлемінде несие беру қарастырылған.

Сөз соңында аудан әкімі 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына тоқталды. Биыл бағдарлама аясында 97 нысанды іске асыру көзделген. Оның 42-сі толық орындалған, 17 нысанда жұмыстар ішінара жүргізілген, 25 нысан әзірлену сатысында, ал 13 нысан бойынша қаржыландыру көздері қарастырылуда.

Алдағы кезеңде бес ауылдағы су құбыры желілерінің құрылысын аяқтау, жолдар мен көпірлерді жөндеу, ауылдарды абаттандыру және тұрғындарды ауданға тарту жұмыстарын жалғастыру басым міндеттердің қатарында.


 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив