Астанада пара пауэрлифтингтен VI жазғы пара ойындары өтті
16-23 мамыр аралығында Астанада пара пауэрлифтингтен VI жазғы пара ойындары өтті. Оған Қазақстанның 19 облысынан 120-дан астам спортшы қатысты.
Жарыс қорытындысына сай, командалық есепте Алматы 3-ші, Қызылорда облысы 2-ші және Жетісу облысы 1-ші орынға ие болды.
Ауқымды додада Қазақстан Республикасының 9 рекорды орнатылды.
Әйелдер арасында:
Тұрсынай Қабыл 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесі, өз салмағы 38 келі, көтеру – 86 келі және 88 келі;
Алина Солодухина салмақ дәрежесі 45 кг, дене салмағы 45 кг, көтеру 95 кг;
Гүлім Құрманбаева салмақ дәрежесі 50кг. дене салмағы 46,9кг, көтеру 95кг;
Қабира Асқарова салмақ дәрежесі 61 кг өз салмағы 57 кг, көтеру 83 кг.
Ерлер:
Станислав Шакиев 65 кг дәрежесінде үш әрекетте 150 кг, 157 кг, 160 кг нәтижені арттырып, рекорд жаңартты.
Ғани Есентеміров 107+ келі дәрежесінде 202 келі көтеріп, рекорд жаңартты.
Сондай-ақ ойындарда Токио-2020 Паралимпиада чемпионы Давид Дегтярев пен РИО-2016 Паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Жарыс аясында Қазақстан Республикасы Пара пауэрлифтинг федерациясының және өңірлік филиалдарының отырысы өтіп, онда саланы дамыту жолдары талқыланды, төрешілер алқасына арналған бланк шығарылды, 2023-2024 жылдарға арналған міндеттер белгіленді.
22 мамырда марапаттау рәсімі аясында 10-11 қарашада Алматыда өтетін Inclusive Bench Press кубогының тұсаукесері өтті. Инклюзивті кубок – спорт әлеміндегі сенсациялық оқиға. Халықаралық тәжірибеде бұл турнирдің теңдесі жоқ, өйткені дені сау спортшылар мен пара спортшылар пара пауэрлифтингтің тең мүмкіндіктері мен инклюзивтілігін көрсете отырып, кубокта бетпе-бет жарысады. Инклюзивті кубок IPF ережелеріне сәйкес және IPC стендтік жабдықтарында ойналады.
Спортшылар ерлер мен әйелдер арасында 4 салмақ дәрежесінде сынға түседі. Жеңімпаздар көтерілген салмақтың спортшының өз салмағына қатынасы бойынша анықталады. Жеңімпаздарға арналған жүлде қоры және Инклюзивті кубоктың абсолютті чемпионына берілетін арнайы сыйлық бар.
Іс-шараның мақсаты- алдағы уақытта турнирді жыл сайын өткізіп, халықаралық кубок мәртебесін алу.