Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
443.62 492.24 5.36

Өңірлердің әлеуеті артып, әлеуметтік сала жаңғырады

Бүгін, 11:18

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында әлеуметтік саланы жаңғырту, халықтың әл-ауқатын арттыру және өңірлер арасындағы даму айырмашылығын азайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, елдің тұрақты дамуы ең алдымен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудан және әрбір өңірде қолайлы жағдай қалыптастырудан басталады.

Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта еліміздің барлық аймағында құрылыс жұмыстарын жандандырып, халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды көбейту міндеті қойылды.

Президент көтерген бастамалардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандарын салу, тұрғындарды таза ауызсумен және газбен қамтамасыз ету мәселелері бар. Бұл жобалар, бір жағынан, халықтың тұрмыс сапасын арттырса, екінші жағынан, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік береді.

Әлеуметтік саясаттағы маңызды міндеттердің бірі – халықтың табысын арттыру. Жолдауда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру ұсынылды. Бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион азаматтың табысына оң әсер етуге тиіс. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласы мамандарының жалақысын 40 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр.ф

Сонымен бірге Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау шаралары шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға бағытталуы керектігін еске салды. Әлеуметтік көмектің тиімділігі оны алушылар санымен ғана емес, адамдардың тұрмыс жағдайына тигізген нақты әсерімен бағалануы қажет.

Жолдауда өңірлерді дамыту мәселесі де кеңінен қозғалды. Президенттің пікірінше, елдің әр аймағының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді пайдаланып, инфрақұрылымдық теңсіздікті жою маңызды. Ол үшін өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылуы тиіс.

Осы бағытта Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, жолдар салынып, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылады. Алғашқы кезеңде шамамен 70 денсаулық сақтау нысанын және 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысанын салу жоспарланып отыр.

Инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан 2029 жылдың соңына дейін шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау көзделген. Бұл қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда болуы қажет.

Мұнымен қатар Президент жергілікті жерлердегі жұмыстың сапасына, әкімдердің жауапкершілігіне және тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асу мәселесіне басымдық берді. Өйткені өңірдің дамуы тек бөлінген қаржы көлемімен емес, оның халыққа әкелген нақты нәтижесімен өлшенуі тиіс.

Ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру, тұрғындарды сапалы ауызсумен, газбен және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де назардан тыс қалған жоқ. Бұл бастамалар ауыл мен қала арасындағы тұрмыс сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған.

Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауында әлеуметтік саясат пен өңірлік даму бір-бірімен тығыз байланысты бағыттар ретінде қарастырылды. Себебі жаңа мектептер мен медициналық мекемелердің салынуы, жолдардың жөнделуі, тұрғын үй-коммуналдық желілердің жаңғыртылуы – барлығы да халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.

Президент жүктеген міндеттерді орындауда Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ендігі кезекте маңыздысы – айтылған бастамаларды нақты іске асырып, әрбір жобаның нәтижесін тұрғындар сезінетіндей деңгейге жеткізу.


 


Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив