Жаңа Конституциядағы білім беру басымдығы
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында білім беру саласына ерекше мән берілген. Атап айтқанда, Ата Заңның 33-бабы азаматтардың білім алу құқығын бекітіп, мемлекет тарапынан берілетін негізгі кепілдіктерді айқындайды. Бұл бап – әрбір азаматтың сапалы білім алуына жол ашатын маңызды конституциялық нормалардың бірі.
Жаңа Конституцияның 33-бабына сәйкес, Қазақстан азаматтарына мемлекеттік оқу орындарында ақысыз орта білім алуға кепілдік беріледі. Сонымен қатар бастауыш және негізгі орта білім алу міндетті болып саналады. Бұл талап мемлекет үшін де, ата-аналар мен қоғам үшін де білім беру ісінің маңызын айқындайды.
Баптың екінші тармағында азаматтардың заңға сәйкес жоғары оқу орындарында білім алуға құқығы бекітілген. Ал жекеменшік білім беру ұйымдарында ақылы негізде білім алу заңмен белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, мемлекет барлық білім беру ұйымдары үшін жалпыға міндетті білім беру стандарттарын белгілейді. Яғни меншік нысанына қарамастан, әрбір оқу орны осы талаптарға сай жұмыс істеуі тиіс. Бұл білім беру сапасын қамтамасыз етуге және оқыту жүйесінде ортақ талаптарды қалыптастыруға бағытталған.
33-баптағы тағы бір маңызды мәселе – білім беру жүйесінің зайырлы сипаты. Конституцияға сәйкес, рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, еліміздегі білім беру мекемелерінде білім мен тәрбие беру зайырлы негізде жүргізіледі. Бұл білім беру саласының бейтараптығын сақтауға және барлық азаматқа тең мүмкіндік беруге негіз болады.
Білім – ұлттың болашағын айқындайтын басты құндылық. Сондықтан Конституцияның 33-бабында бекітілген нормалар тек білім алушының құқығын қорғап қана қоймай, мемлекеттің білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру жолындағы жауапкершілігін де көрсетеді.
Осылайша, жаңа Конституцияның 33-бабы білім алуға қолжетімділікті, мемлекеттік кепілдікті, білім сапасына қойылатын талаптарды және зайырлылық қағидатын қамтиды. Оның негізгі мақсаты – әрбір азаматтың білім алу құқығын қамтамасыз ету арқылы елдің зияткерлік әлеуетін арттыру.