Табиғи байлық – халықтың ортақ игілігі
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің құқықтық жүйесінің негізі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басты кепілі. Ата Заңның әрбір бабы қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді реттейді. Соның ішінде 8-бап меншік құқығын қорғау, табиғи байлықтарды тиімді пайдалану және қоғам мүддесін сақтау мәселелерін қамтиды.
Конституцияның 8-бабында Қазақстан Республикасында меншіктің барлық түрі танылатыны, оларға кепілдік беріліп, тең қорғалатыны көрсетілген. Бұл – азаматтардың жеке меншігіне, кәсіпкерлік қызметіне және заңды мүліктік құқықтарына мемлекет тарапынан қорғаныс бар деген сөз.
Бүгінде меншік құқығы экономикалық тұрақтылық пен кәсіпкерліктің дамуына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Азамат өз мүлкінің заңмен қорғалатынына сенімді болған жағдайда кәсібін дамытуға, инвестиция салуға және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Алайда меншік иесінің құқығы қоғам алдындағы жауапкершілікпен де ұштасады. Конституцияның 8-бабында меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай болуы, қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауы және басқа адамдардың заңмен қорғалатын құқықтарына нұқсан келтірмеуі керектігі нақты белгіленген.
Бұл талаптың астарында үлкен мән жатыр. Яғни меншік тек жеке адамның игілігі ғана емес, оны пайдалану барысында қоғамдық жауапкершілік те ескерілуі тиіс. Әсіресе өндіріс орындары, кәсіпорындар мен ірі шаруашылық нысандары табиғатқа зиян келтірмей, заң талаптарын сақтауға міндетті.
Баптың үшінші тармағында ерекше маңызға ие мәселе – жер мен оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екендігі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Сонымен бірге жер заңда белгіленген негіздер мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.
Бұл норма табиғи байлықтардың ел игілігіне қызмет етуі керектігін айқындайды. Қазақстанның жер қойнауындағы қазба байлықтары, су ресурстары мен табиғи әлеуеті – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек буынның да ортақ қазынасы.
Сондықтан табиғи ресурстарды игеру кезінде экологиялық қауіпсіздік, экономикалық тиімділік және қоғамдық мүдде қатар ескерілуі қажет. Байлықты өндірумен ғана шектелмей, оның игілігін халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағыттау да маңызды.
Жалпы алғанда, Конституцияның 8-бабы меншік иесінің құқығын қорғау мен қоғам алдындағы жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті қалыптастырады. Бұл – құқықтық мемлекеттің маңызды қағидаттарының бірі.