Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Қазақстанда инфляция деңгейін төмендету үшін сұранысқа ие азық-түлік өнімдерін өндірушілерді қолдау күшейтіледі

4-06-2023, 10:45 Думан Кенжеғазыұлы

Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Республикалық штаб отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру мәселелері талқыланды.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев атап өткендей, жыл басынан бері ӘМАТ бағасының өсімі 4,2%-ды, ал мамыр айының қорытындысы бойынша 0,7%-ды құрады. Биыл бұл көрсеткіш бойынша Астана (6,1%), Шығыс Қазақстан облысы (5,3%) және Жетісу облысы (5,3%) антилидер болды. Пияз, қырыққабат, күріш және сәбіздің бағалары барынша қымбаттады, ал қарақұмық, қант, күнбағыс майы мен ұнның бағасы төмендеді.

ҚР СИМ инфляция деңгейін 2 есеге төмендету мақсатында ӘМАТ бағасының өсуіне барынша әсер ететін азық-түлік тауарларын өндірушілерді қолдауға бағытталған жаңа тәсілді әзірледі. Бұған сиыр еті, күнбағыс майы мен сары май, күріш, қант және көкөністер жатады. Бүгінгі таңда 78 негізгі өндіруші анықталды. Жаңа алгоритм шеңберінде әрбір тауарға – өндіру мен сақтаудан бастап сатуға дейін бағдарланған тәсіл қамтамасыз етіледі.

Қолдау шаралары өндірістің ерекшеліктеріне және кәсіпорындардың өзекті әрі түйткілді мәселелеріне байланысты ерекшеленеді. Тауарлардың көкөніс тобының бағасы ӘКК форвардтық шарттарын жасау арқылы реттелетін болады. Бұл орайда барлық жұмысты өңірлік ӘКК, «Азық-түлік корпорациясы» және олардың серіктестерінің қызметін қамтитын арнайы ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Өнімді қадағалайтын бұл жүйе бағаны тұрақтандыру жұмыстарының «электрондық айнасына» айналады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков отандық өндіріс есебінен ішкі нарықты азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрімен қамтамасыз ету 80%-дан жоғары екенін айтты. Импортты алмастыру мәселесі АӨК саласында 2026 жылға дейін жалпы сомасы 2,8 трлн теңгеге 900-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру арқылы кешенді түрде шешілетін болады. Атап айтқанда, 2022 жылы 241 млрд теңге көлеміндегі 270 жоба жүзеге асырылса, 2023 жылы жалпы құны 536 млрд теңге болатын тағы 291 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Өңірлердің жедел деректеріне сәйкес 2 маусымдағы жағдай бойынша республикада 589 мың тонна көлеміндегі ӘМАТ қоры бар, оның 104,3 мың тоннадан астамы-картоп, 20,9 мың тоннасы-пияз, 25,1 мың тоннасы-сәбіз және 28,8 мың тоннасы-қырыққабат. Бұл ретте маусым-шілде айларында 218,3 мың тонна ерте пісетін картоп, 161,2 мың тонна ерте өнім беретін пияз және 30,3 мың тонна ерте пісетін сәбіз жинау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Түркістан облысында 96 мың тонна қырыққабат жиналды, маусым айындағы жоспар – 59,4 мың тонна, шілде айына – 25,9 мың тонна. Ерте пісетін көкөністердің бұл көлемі маусымаралық кезеңде ішкі қажеттіліктерді өтеуге жеткілікті.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов монополияға қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Атап айтқанда, жыл басынан бері азық-түлік базарларына қатысты 15 тексеру тағайындалып, монополияға қарсы 150-ден астам қадағалау актісі тіркелген.

Қабылданып жатқан шаралар туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов және Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев баяндама жасады.

Премьер-Министр жалпы, тек мамыр айының өзінде ғана қырыққабат 22,3%, сәбіз 10,8%, пияз 9,6%, картоп 6,6%-ға қымбаттағанын атап өтті. Бұл жергілікті жерлердегі маусымдық кезеңде нарықты көкөністермен қамтамасыз ету жұмыстарының тиімсіздігін көрсетеді.

«Үкімет бағаны тұрақтандырудың барлық механизмдерін қайта қарады, салалық ережелер мен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізді. Айта кету керек, ұйымдастыру жұмыстарының бәрі әкімдіктермен бірлесіп жүргізілуде. Соған қарамастан, өңірлерде  келісім-шарттардың жасалмауы бағаның өсуіне әсер етіп отыр», — деді Әлихан Смайылов.

Ол сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан үйлестіру жұмыстарының әлсіздігін атап өтті.

«Бағаны тұрақтандыру үшін нарықта ұсыныс үнемі көп болуы тиіс. Мысалы, Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер ақпан-наурыз айларында Тәжікстанмен пияз сатып алу мәселесін пысықтай бастады. Алайда, оны пияздың бағасы 10%-ға дейін өсіп кеткен уақытта, яғни мамыр айында ғана сатып алды. Тауарды тиімді бағамен алатын мүмкіндікті қолдан шығарып алдық. Әр өңір өз ерекшелігін біледі, сондықтан өндірушілермен алдын-ала меморандумдар бекітуі керек», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысы ӘМАТ бағасын тежеу жөніндегі жаңа алгоритімін толыққанды іске асыруды, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен келісім-шарттардың уақытылы жасалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ тиімсіз делдалдарды анықтап, оларды жою жұмыстарының сапасын арттыруды және сауда үстемелеріне бақылауды күшейтуді тапсырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив