Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Мәулен Әшімбаев Израиль Кнессетінің Спикерімен кездесті

7-06-2023, 15:16 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ Парламент депутаты Израильге сапармен келді. Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Кнессет Спикері Амир Оханамен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесін талқылады.

Өз сөзінде Сенат Төрағасы Израиль Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктестерінің бірі екенін айтты. Сондай-ақ ол парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың маңызды екеніне назар аударып, заң шығару қызметі бойынша өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі пікірімен бөлісті.

«Қазақстан Парламенті мен Израиль Кнессеті арасындағы ынтымақтастық екіжақты қарым-қатынастың ажырамас бөлігі екені сөзсіз. Біз үшін Израильдің заң шығару қызметіндегі, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық және инновациялық дамуды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету, парламенттік бақылауды жүзеге асыру бағытындағы тәжірибесі маңызды. Алдағы уақытта осы және басқа да салалар бойынша тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Бұл ретте Сенат пен Кнессеттің салалық комитеттері мен достық топтары арасындағы байланысты нығайтудың берері мол екені анық», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалардың нәтижелері де сөз болды.

Өз кезегінде Кнессет Спикері Амир Охана Қазақстанда қолға алынған қоғамдық-саяси өзгерістерді жоғары бағалап, алдағы уақытта барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстың әлеуеті зор екенін атап өтті. Сенат Төрағасы бұл ретте тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мәселесіне ерекше назар аударды.

«Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен ұлттық экономиканы әртараптандыруға арналған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Соның аясында шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға баса мән беріліп, тиісті жұмыс атқарылуда. Осы орайда біз ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, медицина салаларындағы жобаларды израильдік компаниялармен бірлесіп іске асыруға мүдделіміз. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Бізге осы аумақты игеру және ауыл шаруашылығын дамыту үшін жаңа технологиялар қажет», – деді Палата Спикері.

Сондай-ақ сұхбат кезінде Израильдің суды тұщыландыру қондырғыларын салу, суды бақылау және цифрлық есепке алу, су шаруашылығын дамыту мәселелеріндегі тәжірибесі сөз болды. Қазақстан Парламентінің депутаттары осы бағыттағы озық үлгіні зерделеу үшін Израильді ауыз сумен қамтамасыз ететін мемлекеттік компанияның жұмысымен танысты. Одан бөлек, бүкіл ел бойынша су құбыры желісін басқарушы мекеменің қызметіне назар аударды.

Суретті түсірген: Н. Байбулин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив