Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Үржар ауданында

4-07-2023, 11:44 Думан Кенжеғазыұлы

3 шілде күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Абай облысына іс-сапармен келді. 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Абай облысы тұрғындарымен кездесулерін Мақаншы ауылынан бастады. Сөз басында ел қалаулысы ауыл тұрғындарымен кездесудегі басты мақсат сайлаушылармен кездесу, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жинау, халықтың мәселелерін шешуге жәрдемдесу, пікірлерімен бөлісу және партияның Сайлауалды бағдарламасының облыстық Жол картасының орындалуын бақылау екенін атап өтті. 

Кездесу барысында Мақаншы тұрғыны Әбен Разуев Мақаншы өңірінің ахуалын жақсарту мақсатында ауданды құру жұмыстарын тездетіп бастау туралы ниетін білдірді. 

«Ел Президенті Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Мақаншы ауданын қалпына келтіру туралы шешім қабалдағанын айтқан болатын. 1997 жылы Семей облысының таратылуына байланысты Мақаншы ауданы жабылып, Үржар ауданына қосылған. Енді жеке аудан ретінде жұмыс істеуіне барлық әлеуеті жеткілікті. Өңірде туризм, кен өндірісі, Қытаймен шекарадағы кеден бекеті арқылы сауда-саттық жақсы дамыған. Мақаншы ауданы құрылуы үшін тиісті әлеуметтік-экономикалық жағын ыңғайластырып, өңірдің инфрақұрылымының дамуына тиісті қаражат қарастырылуы керек. Бұл жұмыстар, әрине, уақытты алады. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет. Бұл бағытта тиісті ұсыныстар жіберетін боламыз. Ауданға қарасты әр елді-мекен бойынша көтерілетін сұрақтар талқылануға салынып, тиісті қаражат бөлінгеннен кейін жұмыстар қолға алынатын болады», - деді Нұртай Салихұлы.

Ауыл тұрғыны Тұрғали Қалықжанов Мақаншыға газ құбырының тартылуын сұрап отыр. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде шаруалардың негізгі айналысатын кәсібі мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы болғандықтан, осы бағытта механизатор, мал бағушы сияқты ауыл шаруашылығындағы мамандардың жоқтығы қынжылтады. 

Сайлаушылардың қойған сұрақтарына депутат өз жауабы мен түсіндірмесін берді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Салихұлы Парламентте елді-мекендердегі инфрақұрылымды дамыту мәселесі көтерілгенін, ал газдандыруға қатысты сұраққа бүгінгі күні көгіл­дір отынмен қамту мәселесі энергетика министрлігінде қарастырылуда екенін айтып өтті.

«Бұл сұрақ Үкімет сағатында ауылдық елді-мекендерде инфрақұрылымды қалай дамытамыз дегенде көтерілген болатын. Жалпы аймақ бойынша газдандыру қарастырылуда. Бұл облыс экономикасының барлық салаларын дамытуды қамтамасыз етуге, экологиялық жағдайды жақсартуға, халықтың әлеуметтік деңгейін арттыруға және жеке үйлерде тұрудың жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ҚР Энергетика министрлігі өңірлерді газдандыруды өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізуде», - деп атап өтті мәжілісмен.

Нұртай Сабильянов тұрғындармен кездесулерден кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. 

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Үржар ауданына жұмыс сапары аясында Малақ ауылындағы сумен жабдықтау нысандарының құрылысы мен жұмыс барысымен танысты. 

Үржар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Самат Маусымбаев Малақ ауылындағы су құбыры желілері мен су тарту құрылыстарын салу жұмыстарына техникалық қадағалау қызметі бойынша конкурс нәтижесі қайта қаралып жатқанын, жұмыстарды бастау шешім шыққан соң басталатынын атап өтті. Желінің ұзындығы 8,933 шақырым, ұңғыманың тереңдігі 55 м. «НАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер мекеме өкілінің айтуынша, нысан бойынша жұмыс қазан айына дейін аяқталады.

Келесі кездесулерді Мәжіліс депутаты Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу, Айтбай, Таскескен ауылдарында, Ақсуат ауданының Қызыл-Кесек, Құмқөл, Танамырза ауылдарында, Көкпекті ауданының Көкпекті, Шәріптоғай, Шұғылбай, Биғаш ауылдарында, Жарма ауданының Шар қаласы, Қалбатау ауылдарында, Аягөз ауданының Тарбағатай, Сарыарқа, Қарағаш, Малкелді, Баршатас, Байқошқар ауылдарында, Абай ауданының Қарауыл, Архат, Қасқабақ ауылдарында, Семей қаласында жалғастырады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив