Әскер спортшысы «Қазақстан барысы – 2023» атағын иеленді
Астанада қазақ күресінен өткен «Қазақстан барысы – 2023» ХІІ республикалық турнирі аяқталды. Балуандар белдесуінің чемпионы Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгері Ғалымжан Қырықбай болды.
Ақтық белдесуде ол Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғаповтан басым түсті.
Биыл турнирге 41 балуан, оның ішінде әр өңірден екі спортшыдан, сондай-ақ күштік құрылымдары арасындағы «Әскер барысы» турнирінің жеңімпаздары қатысты.
Биылғы «Қазақстан барысына» қатысушылар қатарында Руслан Әбдіразақов, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбай сияқты танымал балуандар болды. Жыл сайынғы турнирдің биылғы жеңімпазы армия спортшысы Ғалымжан Қырықбай бұған дейін екі рет дүбірлі доданың жүлдегері болған.
Турнирдің чемпионы Ғалымжан Қырықбай 25 млн теңгеге иелік етті. Турнирдің жалпы жүлде қоры 40 млн теңгені құрады. Ал 2 орын иегері Нұрдәулет Жарылғаповқа күміс медаль бұйырды. 3 орынға тұрақтаған Мұхтар Дәлелханұлы қола медаль иегері атанды.
– Бүгінгі оқиға Қазақстанның спорт тарихына енеді деп есептеймін. Ғалымжан Қырықбайдың «Қазақстан барысындағы» жеңісі Қарулы күштер мен армия спортының беделін көтерді, –деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы подполковник Арман Әбеуов.
Жеңіс жолында Ғалымжан Қырықбай қызылордалық Еламан Ерғалиевпен, атыраулық Арман Қалиевпен және шығысқазақстандық Саят Шамшиевпен белдескен болатын. Финалға шығу үшін ол әріптесі Марат Байқамұровпен («Әскер барысы») күресті.