Абай облысында Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығын тойлау бастау алды
Бүгін ақын, ұлы ойшыл, аудармашы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл. Осыған орай ақын рухына тағзым етіліп, Семей қаласының орталық саябағындағы Шәкәрім ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары, жастар, әр саланың өкілдері, ақынның ұрпақтары да қатысты. Атап айтсақ, ақынның мерейтойына орай Алматы қаласының Талғар ауданынан Шәкәрімнің Айғаншадан туған ұлы Зияттың немересі Нұрлан Мерекеұлы отбасымен, Алматы қаласының Панфилов ауданынан, Астана, Павлодар, Теміртау, Екібастұз қаласынан ұрпақтары арнайы келді.
Мерекелік шараның мақсаты ақынның ұрпақтарын ата қонысымен, Шәкәрім қажының өмірі өткен тарихи орындармен таныстыру, ақынның шығармашылығы, өмір жолын насихаттау.
«Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл, – деп жырлаған Шәкәрім бабамыздың өлеңдері – гуманизмнің темірқазығы. Абай елі ұлы бабаларын әрдайым ұлықтап келеді. Шәкәрім Құдайбердіұлының биылғы 165 жылдығы да өнегелі істермен өрнектелуі керек деп ойлаймыз», - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Ақынның еңбегі мен шығармашылығын зерттеу, есімін мәңгі сақтау бүгінгі ұрпақтың қолында. Шәкәрім мұрасы - ұрпаққа аманат.
Іс-шара «Шәкәрім жүрген ізбенен...» керуенімен Абай ауданында жалғасын табатын болады. Керуенмен еліміздің жан-жағынан жиналған ұрпақтары Абай ауданына жолға аттанып, Жидебайдағы Шәкәрім қажының басына барып құран бағыштайды.
Айта кетейік, мерейтойды өткізу жөнінде облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Жыл басынан бері 100-ге жуық түрлі шаралар ұйымдастырылды.
Биыл «Абай жолы» кітаптар сериясымен ақынның орыс тіліндегі өлеңдер жинағы шығарылады. Шәкәрім атындағы университеттің бастамасымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.