Семей қаласының түлектері әскери оқу орындарға түсуде
Абай гарнизонының арманына қанат байлап, жаңа өмірге қадам басатын мектеп бітірушілері әскери техникалық-мектепте бас қосты. Алдағы уақытта Семей қаласынан 15 түлек Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери оқу орындарынан білім алмақ. Олардың қатарында Абылай Исанов та бар. Шахардағы «Жас ұлан» ерлер лицейінің түлегі күні ертең Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтына оқуға түcіп, айбынды әскери қызметші болғысы келеді.
Болашақ әскери маман иелерін әскери білім ордаларына шығарып салу рәсіміне түлектердің ата-аналары, ақсақалдар алқасы және әскери техникалық мектеп жетекшілері қатысты. Жиын барысында жергілікті, жазушы, запастағы полковник Шаймардан Қалиақбаров жас буынға әскери өмірдің аса үлкен жауапкершілікке толы екендігін айтып өтті.
Абай облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ақпаратына сүйенсек, қаладағы мектеп бітіруші түлектердің әскери салаға деген құлшынысы артқан. Семей қаласы бойынша биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда он пайызға өсіпті. Алқалы жиын соңы түлектерді әскери оқу орындарына шығарып салу рәсіміне жалғасты.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі