Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Аймақ басшысы облыс орталығын аралады

19-07-2023, 10:00 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласындағы бірнеше нысандарды аралап, жасалып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімі ең алдымен халықтан жиі арыз түсетін Семей-Павлодар тас жолының бойындағы ескі бейітке барды. Тұрғындар қорымның тазалығына, қоршаудың жоқтығына байланысты бірнеше рет шағымданған болатын. Айта кетсек, бұл аудан қала аумағында болғанымен, «Семей-Орманы» мекемесіне тиесілі. Нұрлан Ұранхаевтың тапсырмасымен осы айдың ортасына дейін қалалық әкімдік және Семей-Орманы тазалау жұмыстарын жүргізуі қажет болатын. Олар тапсырманы мерзімінде орындамағаны үшін облысы әкімі тарапынан сынға ілікті.

«13 шілде бәрін бітіреміз деп айттыңыздар. Неге үлгермей жатырсыздар? Барлығын тазалау керек. «Семей-Орманы» басшылығының атына, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне хат жолдайтын боламыз. Бұлай болмайды. Семей қалалық әкімдігі өздеріне тиесілі жерлердің барлығын тазалаңыздар. Тез арада бұл мәселені шешу қажет», – деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Чайковский және Шугаев көшесіне барды. Шугаев көшесінде жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол жиектері ауыстырылды және жаяу жүргіншілер жолдары қалпына келтірілді. Қаланың күре жолдарының бірі бүгін ашылып, көлік қозғалысы қалпына келтірілді. Ал Чайковский көшесінде 8 тамызға дейін жалпы ұзындығы – 1,2 шақырым жол жөнделуі қажет. Нұрлан Ұранхаев мердігер компания басшысына жұмысты белгіленген мерзімде әрі ең бастысы сапалы аяқтауды тапсырды.

«Жолға жауапты бөлім басшысы жұмыстарды мердігер келісімшартқа сәйкес жүргізуін, 1 сантиметрге болсын кеміп қалмауын қадағалаңыз. Әр бордюрдің биіктігіне дейін бақылаңыз», – деді Н.Ұранхаев.

Өңір әкімі сонымен қатар білім мекемелерін де аралады. Қаладағы алғашқы білім ордаларының бірі №43 орта мектебіне барып, ондағы акт және спорт залдың жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Мердігер компания басшысына жөндеу жұмыстарын аяқталуын қанша оқушы күтіп отырғанын, балалардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін ескертіп, жұмыстарды барынша сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек, Экономикалық лицейге, Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебіне барды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив