Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
523.17 550.06 4.93

Жарма ауданы ​ - асыл тұқымды «Байыс» қойының отаны

21-04-2023, 13:09 Думан Кенжеғазыұлы

Жарма ауданы ​ - асыл тұқымды «Байыс» қойының отаны болып табылады. Бүгінгі таңда осы бағалы мал түлігі өзінің күй талғамаушылығы мен жоғары етті-майлы қасиеттерінің арқасында бүкіл Қазақстан аумағына танымал.

«Байыс» асыл тұқымды қойының негізі қаланған Жарма ауданының Үшбиік ауылдық округіндегі «Қараадыр» толық серіктестігінде қазіргі күні зоотехник болып еңбек етіп жүрген селекционер Дүйсенбек Рақымжанов «Мал баққанға бітеді, соның ішінде асыл тұқымды, байыс қойын өсіру берекеге кенелтеді» дейтін.

Дүйсенбек Рақымжанов сонау 60-шы жылдары «Байыс» тұқымын Семейдің малдәрігерлік институтының қой шаруашылығы саласы кафедрасының ғалымдарымен бірлесе жүріп дүниеге әкеліпті. – Байыс тұқымын сол кезде Әлихан Рақымбаев, Сағынхан Каметов, тағы да басқа маман, ғалымдармен бірге Еділбай, Дегерес, Сараджа қой тұқымдарын будандастырып, әрі қарай іріктеу жолымен алдық. Тұқым апробациядан өткен соң, 1994 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің №33 бұйрығымен «Қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді «Байыс» тұқымды қойы» деп бекітіліп, бәрімізге авторлық құқық берілді. Байыс қойының ерекшелігі сонда, мал жыл он екі ай дала төсінде жайылып жүре береді. Мая-мая шөп шабудың қажеті жоқ, аязды күндері қор болатындай біраз мал азығы болса жетеді. Бұл қойды бағудың шығыны аз, табысы көп. 40 градустық аязды күндері болмаса, үнемі жайылымда жүреді. Өрісте тебіндеп жайылатын байыс қойлары суыққа төзімді. Етті мал. Сойғанда қой 35-40, қошқар 50-80 келіге дейін ет береді. Тірідей салмағы одан да көп. Төртбақ келген дене бітімі де айрықша. Тек құйрығына ғана емес, өн бойына май жинап, бір май, бір ет болып келетін оның өнімі елді тамсантатын нағыз сапалы ет. Төлі де жақсы, тез ширайды, әр 100 саулықтан орта есеппен 92 қозыдан алып отырмыз. Шаруашылықтың екі ірі мал сою цехы бар. Сатып алушыларға қой осы жерде сойылып беріледі, – дейді «Қараадыр» серіктестігінің селекционер ​ зоотехнигі Дүйсенбек Рақымжанов. Үшбиік ауылдық округінде «Байыс» қойын Болат Шайыховтың осы «Қараадыр», Ерасыл Мұсағитовтың «Мүсілім» шаруашылықтары өсіріп жатыр. «Қараадыр» толық серіктестігінде 9 мың, «Мүсілім» ЖШС-де 7 мыңға тарта байыс қойларын өсіруде нәтижелі жұмыстар атқаруда.​ Шаруашылықтың малын өз облысымызбен қатар жыл сайын Павлодар, Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан да келіп, сатып алып кетеді. Бүгінде Алматы, Павлодар өңірлерінде байыс қойымен байып отырған шаруашылықтар аз емес.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив