Жарма ауданында «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты фестиваль өтті
Бүгін аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты шара және «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты фестиваль өтті.
Мерекелік шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Райым Нұрғалиев сөз сөйлеп, аудан халқын айрықша маңызға ие айтулы мейраммен құттықтады.
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Р. Нұрғалиев ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып, татулық пен тұрақтылықтың сақталуына үлес қосып жүрген әр сала қызметкерлерін, этнос өкілдерін, қоғамдық ұйымдар мүшелерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Фестиваль аясында Достық үйінің жанынан құрылған ауданның этномәдени бірлестіктерінің өкілдері өз өнерлерін, салт-дәстүрлерін ұлықтап, мереке көркін кіргізді. Көрермендер назарына Қазақстан халқының ұлттық тағамдары, салт-дәстүрлері, ән-билері ұсынылды.
Мерекелік шара аудандық жас өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен және «Би әлемі» байқауымен жалғасты.