«Болашақ» стипендиясының түлектеріне Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу мәселелері түсіндірілді
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлектерімен кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты – стипендианттарға Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің ерекшеліктерін түсіндіру болып табылады.
Кездесуге халықаралық стипендияның 100-ге жуық жас түлектері қатысты, сондай-ақ онлайн қосылу арқылы өзге елдерден қосылды.
Агенттік пен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басшылығы іріктеудің негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері туралы ақпарат ұсынды.
Шара барысында жобаға қатысу арқылы халықаралық стипендия түлектері әлемнің үздік университеттерінде алған білімдері мен дағдыларын іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алатыны атап өтілді.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Олжас Сәкенов 2019 жылғы іріктеуге қатысу тәжірибесі туралы бөлісіп, Резервтің талантты жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартудағы тиімді тетіктің біріне айналғанын айтты.
Кездесуге қатысушылар алдағы іріктеу мәселелеріне қатысты сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды.
Атап өту керек, Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысының еліміздің кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған бастамасы. Ағымдағы жылы іріктеу мемлекеттік басқарудың 6 салалық бағыты бойынша жүргізіледі. Іріктеуге 35 жастан аспаған, мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес меңгерген, жоғары білімді және кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар Қазақстанның азаматтары қатыса алады.
Жобаға қатысуға өтінімдерді қабылдау 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz сайты арқылы қолжетімді болады.