Бес алтын, он қола
Кейінгі жылдары қазақ самбошылары байрақты бәсекелерден, ірі жарыстардан құр алақан қайтып көрмепті. Қоржыннан алтынның да, күмістің де, қоланың да сыңғырын естиміз үнемі. Шекара асқан жарыстан ақжолтай жаңалық жетіп жатады бізге. Жеңістің биік тұғырында Көк туыңды жамылып, бір өренің тұрады жарқырап. Бұл жолы да солай болды. 22-23 тамыз күндері Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында самбодан өткен Әлем Кубогында біздің самбошылар бес алтын, он қоланы қоржынға салды. Әйтеу, Алатаудың ар жағынан қуанышты хабар толастамады елеңдеген екі күнде. Он елден келген оғландар орайы келсе оза шауып, жүлдеге жармасатыны әуел бастан белгілі тұғын. Сондықтан да бұл жарыстың жөні бөлек болғанын біздің жігіттер де ұғынған сияқты.
Енді екі күндегі кездесулерді, бозкілемдегі белдесулерді ретімен жіліктейік, жіпке тізейік. Әлқиса, Әлем Кубогы спорттық және жауынгерлік самбодан өткенін айта кеткен абзал. Ерлермен бірге әйелдер де жарыс жолына шыққан. Бірінші күні спорттық самбодан ерлер жан алысып, жан беріскен болатын. Жауынгерлік самбодан әйелдер 59, 65 және 72 келіде сынға түсті. Бұл күні бізге бұйырғаны 2 алтын мен 4 қола. 64 келіде сынға түскен Қарағанды облысының спортшысы Жандос Бейсенбаевтың бабы келісіп, бағы жанып Әлем Кубогінің иегері атанды. Ал 71 келіде жерлесіміз Дидар Тұқышев қола жүлдеге қол созды. Қыздар арасында жауынгерлік самбодан 65 келіде жамбылдық Асылжан Орынбасарова алтын алса, осы салмақта жетісулық Жанела Набиева қола жүлдені қоржынға салды. Бұдан бөлек 72 келідегі қос қызымыз Фариза Нұрсейітова (Алматы қаласы) мен Назерке Дәулетжан (Алматы облысы) Әлем Кубогының қола жүлдесін қатар еншіледі.
Екінші күні де Әлем Кубогынан алтын да, қола да бұйырды. Спорттық самбодан әйелдер сынға түсті. Жауынгерлік самбодан ерлер бозкілемнің көрігін қыздырды. Жауынгерлік самбодан Жетісу облысының балуаны Ильзат Асиев (58 келі) пен жерлесіміз Асылбек Смаилов (79 келі) қарсылас шыдатпай, Әлем Кубогының иегері атанды. Ал қостанайлық Абдувахоб Алихужаев қолаға қол жеткізді. Әйелдер арасында алматылық Арайлым Әбенова (+ 80 келі) Әлем Кубогының иегері атанды. Бұрымдылар бұл жолы қоржынды қолаға толтырды. Қарағандылық Маргарита Бажаева (50 келі), шымкенттік Маржан Бизақ пен жетісулық Айнұр Төребай (59 келі), астаналық ару Аружан Сатова (65 келі) және шымкенттік Азман Амева (80 келі) қола жүлде иеленді.
Айтпақшы, самбодан Әлем Кубогының өтпегеніне де біраз жылдың жүзі болыпты. Себебі мынау, халықаралық самбо федерациясының күнтізбесіне енбей қалған. Араға жылдар салып қайта жалғасын тауып жатқан жайы бар. Самбо күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Біржан Имахановтың айтуынша, шәкірттері бұл жарысқа тыңғылықты дайындық жүргізген. Оқу-жаттығу жиындары таулы аймақта өткен. Байрақты бәсеке тәжірибе жинақтауға да мүмкіндік берген.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстанға Әлем Кубогынан екінші орын бұйырды. Азия елдері ішінде көш басындамыз. Бұл талмай жаттығу мен маңдай тердің өтеуі деуге болады. Енді Әлем Кубогының нәтижесін Әлем чемпионатында қайталайтын күнді күтеміз!
Е. Жанат, Абай облысы.