Сенат мемлекет басшысының Ұлттық банк Төрағасын тағайындауына келісім берді
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын тағайындауына келісім беру туралы мәселені қарады.
Конституцияға сәйкес Президенттің Ұлттық Банк Төрағасын тағайындауына келісім беру Сенаттың ерекше қарауына жатады.
Соған байланысты Мемлекет басшысының Ұлттық Банк Төрағасы лауазымына Тимур Сүлейменовті тағайындауға келісім беру туралы ұсынуын Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов оқып берді.
Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов ұсынылған кандидатура алдын ала Комитет отырысында қаралып, талқыланғанын, соның нәтижесінде Сенатқа Президент ұсынуын қолдауға ұсыныс беру туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Осыған орай Палата отырысында Сенат депутаттары Мемлекет басшысының Ұлттық Банк Төрағасы қызметіне Тимур Сүлейменовті тағайындауына келісім берді.
Суретті түсірген: Н. Байбулин