Серік Жұманғарин Шэньси провинциясы парткомының хатшысымен кездесті
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Шэньси провинциясы (ҚХР) парткомының хатшысы Чжао Идэмен кездесті.
Қазақстан мен Қытайдың үкіметтік және іскерлік топтары арасындағы өңіраралық ынтымақтастық нығая түсуде. Бұл жыл басынан бергі ҚХР провинциялары парткомы хатшыларының Қазақстанға үшінші жұмыс сапары. Наурызда елімізге Синцзян партком хатшысы Ма Синжуй келді, қыркүйектің басында Шаньдун провинциясының партком хатшысы Лин У, ал бүгін, 2023 жылғы 5 қыркүйекте Қазақстанға ауқымды бағдарламамен Шэньси партком хатшысы Чжао Идэ келді. Қыркүйек айының соңында Цзянсу губернаторы келеді деп күтілуде.
Кездесу басында Серік Жұманғарин Чжао Идэ мен Шэньси провинциясының тұрғындарына Қытайдың орталық бөлігінде ұзаққа созылған нөсер жаңбыр салдарынан қаза тапқандарға байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ мамыр айында Мемлекет басшысының ҚХР-ға мемлекеттік сапары барысында Сиань, Шэньси қалаларына барған қазақстандық делегацияға көрсетілген қонақжайлылық пен жылы қабылдаулар үшін провинция әкімшілігіне алғыс білдірді.
«Сіздің сапарыңыз Шэньси провинциясымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін. Біз өңіраралық ынтымақтастықты нығайту үрдісін толығымен қолдаймыз және оны ілгерілетуге дайынбыз. Қытай Қазақстан экономикасына инвестор-елдердің ТОП-5 кіреді. Соңғы 15 жылда ҚХР-дан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі $23,5 млрд-қа жетті. Сианьнің ірі сауда және көлік хабына айналғаны қуантады. Сиань құрғақ портында салынатын Қазақстанның логистикалық орталығы Орталық Азияға, Еуропаға, Түркияға және Иранға контейнерлік пойыздарды жөнелтетін негізгі торап болмақ», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Былтыр елдер арасында ауыл шаруашылығы саласындағы тауар айналымы 2 есеге жуық өсіп, $780 млн-нан асты. Биылғы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығы тауарлары бойынша өзара сауда көлемі 74%-ға ұлғайып, шамамен $690 млн құрады. Қазақстан Қытайда сұраныс үнемі өсіп келе жатқан экологиялық таза азық-түлік өнімдерін өндіруші болып табылады.
Вице-премьер елдер арасындағы туристік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударды, бұған визасыз режимді енгізу ықпал ететіні сөзсіз. Осы мақсатта 2024 жыл Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы болып жарияланып, екі елдің уәкілетті ведомстволары оны өткізуге белсенді дайындалып жатқанын атап өтті.
Өз тарапынан Чжао Идэ Қазақстанға сапарының мақсаты – мамыр саммиті кезінде екі ел көшбасшыларының уағдаластықтарын іске асыруды ілгерілету екенін жеткізді.
«Соңғы жылдары Шэньси провинциясы мен Қазақстан арасында сауда, экономика, білім беру, гуманитарлық алмасу салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстан-Қытай тауарларының көрмелері өткізіледі, көлік, білім беру саласындағы ынтымақтастық дамуда, 227 қазақстандық студент Сианьнің 18 университетінде оқиды, оның 30-ы толық стипендия алды. Шаньсидің көлік және логистика саласында артықшылықтары бар екені белгілі: Қытайдың орталығында орналасқан, теміржолжары және әуе жолдары дамыған. 45 ел және аймақпен теміржол байланысы бар, жыл сайын 4700-ден астам пойыз жүреді. Провинцияның 111 жоғары оқу орнында 2 миллионнан астам студент оқиды, 2800-ден астам ғылыми-техникалық ұйым мен институт бар. Шэньси көмір қоры бойынша 4-ші, мұнай 3-ші, газ 2-ші орында. Шэньси үш климаттық белдеуде орналасқандықтан оңтүстіктік және солтүстіктік жемістер өседі. Қытайдағы әрбір жетінші алма мен әрбір үшінші киви Шэньсиде өсірілген», — деп атап өтті партком хатшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты түрде диалогта болып, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті. Қазақстанға сапар күндері Шэньси делегациясы СҚО-да рапс майын өндіретін Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны «Тайынша май» ЖШС-іне баруды, Сиань қаласына алғашқы «Қызылжар Айцзю» қазақстандық астық вагондарын жөнелтуді және басқа да іс-шараларға қатысуды жоспарлаған.
Анықтама: Шэньси – Қытайдың 19-шы экономикасы. 2022 жылы ауданның ЖӨӨ көлемі $478,4 млрд (+4,3%), жан басына шаққандағы ЖӨӨ – $4394. 2023 жылғы қаңтар-шілдеде ҚР мен ҚХР арасындағы екіжақты сауда көлемі $16,3 млрд (+20,6%) құрады.