О. Ордабаев Абай облысының тұрғындарына әлеуметтік-еңбек саласын жетілдіру шаралары туралы айтты
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Абай облысына екі күндік жұмыс сапары барысында кәсіпорындар мен әлеуметтік мекемелердің ұжымдарымен, ҮЕҰ өкілдерімен және өңір тұрғындарымен кездесті. Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және ҚР Әлеуметтік кодексі аясында көзделген әлеуметтік-еңбек саласын жетілдірудің жаңа тәсілдері туралы айтып берді.
19 қыркүйекте вице-министр арнайы киім тігумен айналысатын «УКЮНИС» ЖШС қызметімен танысты. Кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу барысында Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабардар етті.
«Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Атап айтқанда, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, кәсіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу және т.б. ұсынылатын болады.
Еңбекмині зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін осы санаттағы азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу мәселесін пысықтауда», – деді Олжас Ордабаев.
Халықтың табысын арттыру мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері (бұдан әрі – ЕТЖ) 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде барлық әртүрлі саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай табысы артады.
Бұдан басқа Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақының мөлшерін айқындайтын әдістеменің жобасын әзірлеп, оған сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады.
«Сонымен қатар Еңбекмині мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамту саласында жұмыс істейтін азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау тетіктерін пысықтауда», – деді Олжас Ордабаев.
Одан кейін вице-министр Семей қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына барды және облыстық кітапханада болды.
20 қыркүйекте Абай атындағы облыстық кітапханада Олжас Ордабаев ҮЕҰ өкілдерімен, ардагерлермен және мүгедектігі бар адамдармен кездесу өткізді. Аталған кездесуде Олжас Ордабаев Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясатына баса назар аударды.
«Бұл қайта құрулардың негіздері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Әлеуметтік кодексте көрсетілген. Біріншіден, бұл мемлекеттік қолдау парадигмасын түбегейлі өзгертуді көздейді: ол салдарын жоюға емес, өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталады. Екіншіден, әлеуметтік қызметтерді көрсетудің бүгінгі күні пайдаланылатын өтініш нысанынан оларды ұсынудың анықтау нысаны мен проактивті форматына көшуді қамтамасыз ететін әлеуметтік саланы цифрландыруды тереңдету көзделеді. Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету үшін жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, жұмыс берушілер мен азаматтардың өздеріне де жүктелетін болады. Бұл міндеттемелер жаңа әлеуметтік келісімшарт аясында жүзеге асырылады. Төртіншіден, әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту жөніндегі шаралар нәтижелі және ресми жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталатын болады», – деді.
Вице-министр азаматтарға жеке қабылдау өткізді. Олжас Ордабаев өңір тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, олардың өтініштері бойынша егжей-тегжейлі жауап берді. Қарауға қосымша уақытты қажет ететін мәселелерді жеке бақылауына алды.
Сонымен бірге Олжас Ордабаев облыстық еңбек мобилділігі орталығында болды. Мекеменің қызметімен танысқаннан кейін ол орталық қызметкерлерімен және кәсіпкерлік бастамаларын іске асыру үшін жылдық мөлшерлемесі 2,5% жеңілдетілген микрокредит алушылармен кездесу өткізді.
Вице-министр халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер, азаматтарға жаңа дағдыларды оңай әрі тез үйренуге және жұмыс табуға мүмкіндік беретін әлеуметтік-еңбек саласының цифрлық жүйелері туралы толыққанды айтып берді.
«Бүгінгі таңда жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, МӘСҚ-тен жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш беру процесі толығымен цифрландырылып, Электрондық еңбек биржасы арқылы іске асырылуда. Әлеуметтік кодексте көзделген келесі қадам жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау болды. Мәселен, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда облыс орталықтары мен мегаполистерде 20 еңбек мобилділігі орталығы құрылды, ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары мансаптық орталықтарға айналды», – деп атап өтті вице-министр.
Ол азаматтар мен жастардың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселелеріне ерекше назар аударды.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін азаматтардың жекелеген санаттарына гранттар, ал жастар үшін – өз ісін ашу немесе кеңейту үшін жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген микрокредит бөлінеді. Биыл 12,4 млрд теңге сомасына 9 мың грант және 28,9 млрд теңгеге 5,8 мың микрокредит беру жоспарланған», – деп толықтырды Олжас Ордабаев.
Жұмыс сапары барысында Олжас Ордабаев «Жарқын болашақ» түзету қызметтерін көрсету орталығының қызметімен танысып, Семей қаласының геологиялық-барлау колледжіне барып, жастар ұйымдарының көшбасшыларымен және студенттермен кездесу өткізеді.