Аягөз ауданында оқушыларға арналған ерлік сабағы өтті
Аягөз қаласындағы №5 орта мектебінің жоғары сынып оқушыларымен «Айбынды жастар – ел тірегі!» тақырыбында ерлік сабағы ұйымдастырылды.
Ерлік сабағына Аягөз гарнизонының 41446 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бекболат Рахимбеков және әскери қызметші ефрейтор Перизат Сағатова қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты болашақ Отан қорғаушылардың туған еліне, Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне деген патриоттық және мақтаныш сезімін қалыптастыру мен Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдиновтың ерлік жолын насихаттау болды.
Шара барысында ефрейтор Перизат Сағатова авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтың өмірі мен батырдың ерлігі жайлы баяндап берді. Сондай-ақ, талантты оқушылар өздерінің осы шараға қатысты дайындаған өнерлерімен тәнті етті.
Ерлікке бағдар болған сабақ барысында мектеп оқушылары ойларындағы барлық сұрақтарына жауап алды. Жиын кезінде жалпы еліміздің әскері жайлы және жоғары әскери оқу орындарына түсу тәртібі сөз болды.
Іс-шара соңында №5 орта мектеп басшылығы әскери қызметшілерге жастарға патриоттық тәрбие беру жолындағы еңбектеріне алғысын білдірді.
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі