Үржар ауданында қосалқы электр стансасы салынады
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Үржар ауданындағы 11 елді мекенде 21 жоба жүзеге асырылып отыр. Бүгінде 7 жоба аяқталып, 14 жобаны іске асып жатыр.
Мәселен, Мақаншы ауылында ұзындығы 4,2 шақырым ішкі жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 19,6 шақырым көше жарықтандырылды.
Қаратұма ауылында дәрігерлік амбулатория мен әкімшілік ғимаратының құрылысы аяқталды. Мәдениет және спорт саласы да қарқынды дамып келеді: Таскескен және Мақаншы ауылдарында мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Таскескен ауылында 2024 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған спорт модулінің құрылысы басталды.
Қазіргі таңда Шолпан ауылында 5,3 шақырымды құрайтын 7 көшені және Бақты ауылындағы 7,1 шақырым көшені жарықтандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Мақаншы және Ақжар ауылдарында тұрғын үйлерге су құбырын және электр желілерін тарту жобасы жүзеге асып жатыр.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үржар» балабақшасының қосымша ғимараты мен Жоғарғы Егінсу ауылында 100 орындық ауылдық клуб ғимаратының құрылысы басталды. Ал Мақаншы ауылында 140 орындық балабақша салынып жатыр.
Сондай-ақ, Үржар ауылында 35/10 кВт қосалқы электр стансасын салу жоспарда бар.