Бүгін Абай облысының әкімі БАҚ өкілдері үшін көшпелі брифинг өткізді
Брифинг жылу ортығынан бастау алды. Журналистер жылу желілерінің жағдайымен және жылу маусымына дайындық барысымен танысты. Алдағы екі жылда Семей қаласында жылу желілерін қайта жаңғырту үшін 26 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде қаланың оң жағалауындағы жылу энергиясының тапшылығы мен жылу көздерінің тозуы 20%-ға азаяды деп күтілуде.
Келесі аптаның басында қалада әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастайды. Айта кетсек, денсаулық сақтау және білім беру нысаны қазірдің өзінде жылу беру маусымына толық дайын.
Сондай-ақ өңір басшысы жылу желілерін жөндеу кезінде қазылған көше мен тұрғын үй аумақтары мердігерлер есебінен қалпына келтірілетінін жеткізді. Бұл келісімшартта қарастырылған. Магистральдық желілер ауыстырылған Әуезов даңғылының бойындағы қоғамдық кеңістік және жол толығымен қалпына келтіріледі.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Семейде ЖЭО-3 құрылысын салу жоспарланған. 2023 жылдың соңына дейін техникалық-экономикалық негіздеме аяқталады деп күтілген.