Жамбыл облысында қар құрсауынан 68 адам құтқарылды
2023 жылғы 10-11 ақпанда ауа-райының нашарлауына байланысты (қатты боран, көрінудің шектелуі) облыстың республикалық және облыстық маңызы бар әртүрлі бағыттардағы автожолдар учаскелерінде қозғалыс жабылды.
Бұған дейін халыққа СМС ескертулер мен әлеуметтік желілер арқылы ауа райының нашарлауы туралы дауылды ескерту жеткізілген болатын. Алайда, жол қызметкерлері мен құтқарушылардың ескертуіне қарамастан, адамдар әлі де алыс жолға шығып, өздеріне және басқа адамдардың өміріне қауіп төндірді . Мәселен, 11 ақпанда сағат 01.00-ден 06.30-ға дейінгі кезеңде Күйік - Қарабастау-Қаратау және Қаратау-Жаңатас автожолдарының екі учаскесінде ТЖД күшімен қар құрсауында қалған 12 жеңіл автокөліктен 68 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылып, жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілді. Құтқарушылардың жедел іс-қимылының арқасында құтқарылғандардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады.
Құрметті азаматтар! Естеріңізге сала кетейік, қолайсыз ауа-райында елді мекендерден тыс жерлерге шығу қиындықтарға әкелуі мүмкін. Алыс жолға сапарыңызды кейінге қалдырыңыз. Қажет болса, болған жағдай туралы "101" және "112" нөмірлеріне дереу хабарлаңыз. Қауіпсіздік ережелері туралы мәліметтерді "DARMEN" тегін қосымшасынан біліңіз.