Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына көмек көрсетілді
Өткен жылдың соңында Абай облысының әкімі бастамасымен Семей қаласында алғашқы қайырымдылық балы ұйымдастырылды. Жиналған 10 млн теңге көлеміндегі қаражаттың бір бөлігі Бородулиха ауданы Новая Шульба ауылындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына бағытталды.
Бұл қаражат орталықтағы материалдық-техникалық базаны жаңартуға арналған түрлі құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалды. Қаражатқа кір жууға және кептіруге ыңғайлы кір жуғыш-кептіргіш машина, 3 компьютер және 4 ноутбук, әр түрлі модульдерді бағдарламалауға, құрылғыларды құруға арналған робототехника жиынтығы - портативті зертхана, 2 квадрокоптерды құрастыруға арналған жиынтық, 3D принтер, бейнебақылау жүйесі, 3 шақырымға дейінгі қашықты бақылауға арналған екі антенна, 2 дәнекерлеу станциясы сатып алынды.
Орталықта баланың жан-жақты дамуына арналған 20-дан астам шығармашылық және спорттық бағыттағы үйірме мен секция жұмыс істейді. Сатып алынған құралдар балалардың топтық жұмыста компьютерлік дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Тәрбиеленушілер робототехника конструкторы, квадрокоптор және басқа да жабдықтар арқылы күрделі құрылғылармен танысып, күнделікті оқыту барысында қолданып отыр.
Айта кетсек, орталықта 45 тәрбиеленуші білім алады. Қызметкерлер саны 81 адам, оның ішінде 24 мұғалім. Бүгінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және денсаулығын жақсарту мақсатында күндізгі этнолагерь құрылысы жүріп жатыр.