Сенаторлар ТМД ПАА тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров, Алтынбек Нухұлы және Ләззат Қалтаева ТМД Парламентаралық Ассамблеясының тұрақты комиссияларының жұмысына қатысты.
ТМД ПАА-ның құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында Нұрлан Бекназаров әріптестерімен «Мүлікті меншікке беру шарттары туралы», «Мемлекеттік кадастрлық бағалау туралы» және «Награда, жария конкурс, ойындар мен бәс тігудің жария уәдесінің міндеттемелері туралы» үлгі заңдардың жобалары бойынша жұмыс барысын талқылады. Сонымен қатар ТМД ПАА-ның құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері Нұрлан Бекназаровты комиссия төрағасының орынбасары етіп сайлау туралы шешім қабылдады.
Сенатор Алтынбек Нұхұлы ТМД ПАА Ғылым және білім жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет, жасанды интеллект, дарынды балалар мен жастарды анықтау және жүйелі сүйемелдеу шаралары мәселелерін талқылады.
Сенатор Ләззат Қалтаева мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі отырыста басқа елдердің парламентшілерімен бірлесіп балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау мәселелерін талқыға салды.