Десантшылар парашютпен секіруді орындады
Талдықорғандағы десанттық-шабуылдау құрамасының жүзден астам әскери қызметшісі жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес 800 және 1200 метр биіктіктен парашютпен секірді.
Парашютпен секіру – десантшылардың жауынгерлік дайындығының маңызды элементі. Бұл жолы әскери бөлімнің офицерлері мен әскери қызметшілері «Бүркіт-2» және «Д-6» арнайы мақсаттағы парашют жүйелерімен С-295 ұшағынан секірді.
Десантшылар секіру алдында мұқият дайындықтан өтті. Жас сарбаздар егжей-тегжейлі нұсқаулықтан өтіп, парашют төсеуді игерді. Сонымен қатар әуе-десанттық кешеннің тренажерларында дайындалды. Әскери психологтар олардың моральдық-психологиялық жағдайын зерделеді.
– Бұл менің он екінші рет парашютпен секіруім. Мұқият дайындықтың арқасында, бірінші рет секіргендегідей қорқыныш болмады. Мұндай жаттығулар бізді моральдық және физикалық тұрғыда қатайтып, сенімділік береді, – деп өз ойын бөлісті 18404 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Марат Қайратұлы.
Жаттығу сабақтары барысында жалпы салмағы 2500 кг болатын оқ-дәрілері бар жүк контейнерлерін шартты ұрыс алаңына 600 метр биіктіктен түсіру бойынша кешенді іс-шара да өткізілді. Бұл тапсырманы десантшылар сәтті орындап шықты.