10 айдың ішінде Абай облысы жоғары экономикалық өсім көрсетті
ҚР Үкіметінің 2023 жылғы қаңтар-қазан кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне арналған отырысында Абай облысы барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика көрсеткені атап өтілді.
Осы жылдың он айының қорытындысына сәйкес Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ті құрады. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%-ке, ал қызмет көрсету саласы – 5,4 пайызға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік көрсетті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6%-ті құрады. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Абай, Түркістан және Павлодар облыстарында байқалды.
Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2 пайызға өскен. Көрсеткіштің артуы 12 өңірде тіркелді, соның ішінде ең жоғарғы нәтижені Қызылорда, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті.
Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ке ұлғайып, 18 өңірде оң өсу тіркелген. Әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Маңғыстау, Жетісу, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында тіркелген.
Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 5 өңірде – Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында.
Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов барлық өңірлер нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруы қажет екенін атап өтті.