Шәкәрім университетінде белді ғалымдардың атаулы дәрісханалары ашылды
Бүгін Шәкәрім университетінде машинажасау, тағам және қайта өңдеу саласында бүтін бір ұрпақты тәрбиелеген Дәлел Тілеуғазыұлының 80 жас, Амангелді Еренғалиұлының 75 жас және Айтбек Қалиұлының 70 жасқа толған мерейтойлары аясында үш бірдей атаулы аудиториялардың ашылу рәсімі өтті. Рәсімге университет басшылығы, отандық ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, профессор-оқытушылар құрамы мен ізбасарлары, ұрпақтары қатысты.
Алғы сөз сөйлеген университет басшысы Думан Орынбеков тағылымды шараның маңызы мен мақсат-міндетіне тоқталды.
• Дәлел Жайлаубаев жарты ғасыр ғұмырын университеттің дамуына арнаған, оның ішінде 30-жылдан астам кафедраны басқарды. Қадірменді Дәлел Тілеуғазыұлы атындағы «Инженерлік графика» аудиториясының ашылуына ғалымның балаларының қосқан үлесі зор.
• Аманкелді Еренғалиев «Тамақ өнеркәсібінің машиналары мен аппараттары» кафедрасында ұзақ жылдар бойы меңгеруші болып қызмет жасап, талай шәкірттерді, ғылым кандидаттары мен магистрлерді дайындады. Техника ғылымдарының кандидаты, профессор Еренғалиев Амангелді Еренғалиұлы атындағы ғылыми-зерттеу зертханасы шәкірттерінің және факультет түлектерінің, ұжымның демеушілігімен жасалды.
• Айтбек Какимов – техника ғылымдарының докторы, университеттің құрметті профессоры, ҚР білім саласының құрметті қызметкері. Ғалымның жетекшілігімен 1 докторлық, 7 кандидаттық және 9 PhD – докторлық диссертациялар қорғалды.
Ашылған кабинеттерде ұстаз-ғалымдардың еңбектері, құжаттары, марапаттары мен суреттері қойылған.
Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Атаулы аудиториялар мен дәрісханалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға септігін тигізері анық. Алдағы уақытта бұл жерде озық, инновациялы ғылыми-зерттеулер мен жобалар жүзеге асырылып, отандық ғылымға зор үлес қосатын нәтижелі жұмыстардың жасалатынына сеніміміз мол.