Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

«AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінде су тасқынына дайындық мәселесі талқыланды

16-02-2023, 16:40 Думан Кенжеғазыұлы

Су тасқынының алдын алуға әзірлік жұмыстары және барлық гидротехникалық құрылыстардың көктемгі қызыл суға дайындығы. Осы және өзге де өзекті мәселелер «AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында талқыланды.

Комитет төрағасы Артур Платонов бүгінде еліміздегі 255 елді мекен су басу қаупі бар аймақтарда қалып отырғанын және онда 127 мыңнан астам үй мен 700 мыңнан астам адам бар екенін атап өтті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда апаттық жағдайдағы 5 және жөндеуді қажет ететін 73 су қоймасы, қорғаныс бөгендері, платина мен тоғандар бар. Олар істен шығатын болса, халыққа зор қауіп төнеді. Алайда, былтыр 2021-2023 жылдарға жоспарланған Жол картасындағы су тасқынына қарсы 68 іс-шараның 41-і орындалмағаны белгілі болды.

«Еліміздегі 400-ден астам гидротехникалық құрылысты жөндеу қажет. Солай бола тұра, коммуналдық және жеке меншіктегі мұндай құрылыстардың басым көпшілігі жылдар бойы назардан тыс қалып келеді. Тиісінше, оларды жөндеу және жаңғырту іс-шаралары су саласын дамыту жоспарына енгізілмей қалады. Осындай құрылыстардың басым көбісі 30 жылдан астам уақыт пайдаланып келеді. Олардың 70%-дан астамының тозығы жетіп тұр. Сондықтан, олардың беріктігі мен қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай төмендеді. Су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын жоспарлау, сондай-ақ оларды қаржыландыру ісінде түйткілді мәселелер бар», – деді Артур Платонов.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, былтыр су тасқынына қарсы атқарылған жұмыс 213 елді мекеннің су басу қаупін болдырмауға және 120 мыңға жуық үй орналасқан өзге де 580 елді мекендегі қауіпті барынша азайтуға мүмкіндік берді. Онда 550 мыңнан астам адам тұрады. Алайда, жергілікті әкімдіктердің уақтылы алдын алу жұмысын қолға алмауы – негізгі мәселенің бірі болып қалып отыр.

«Тұрғындар арық жүйесін біреу келіп тазалап береді деп күтіп отырады. Яғни, біздің қызметкерлер көбіне-көп коммуналдық қызметтерді атқарып жүреді. Алайда, бұл Төтенше жағдайлар министрлігіне тән міндет емес. Біз өртке қарсы қызмет бөлімшелерін, әскери бөлімдерді және жедел-құтқару отрядтарын ауланы судан тазарту жұмысына жұмылдыруға мәжбүрміз», – деп атап өтті министр.

Отырыс қорытындысы бойынша, Комитет мүшелері су тасқыны қаупі бар өңірлердегі түйткілді мәселесі көп гидротехникалық құрылыстарда партиялық бақылау бекеттерін ашу жөнінде қаулы қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, былтыр партиялық бақылау бекеттерінің арқасында еліміздегі 207 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны уақытылы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, партиялықтар әкімдіктерге: арықтар мен каналдарды, дренаждық жүйелерді, өзен арналарын мұздан және қоқыстан тазарту жұмысын уақытылы аяқтауды; гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу жөніндегі жобалардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу рәсімін жеделдетуді, осы құрылыстарды теңгерімге қоюды; су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидаларының сақталуын тексеретін арнайы су тасқынына қарсы жұмыс тобын құруды ұсынды. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив