Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлемдердің алдын ала мөлшерін қалай есептеу керек
HR Enbek еңбек ресурстары порталындағы жеке кабинетте еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға арнаулы әлеуметтік төлемдердің (бұдан әрі – АӘТ) алдын ала мөлшерін есептеу үшін калькулятор бар.
Осы функционалды қолдану үшін пайдаланушы-жұмыскер электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен верификациялануы тиіс.
Жеке кабинетте тексеруден өткеннен кейін, «Профиль» бөлімінде, «Қызметкердің деректері» қосымша бетінде төлемнің алдын ала мөлшерін есептеуге болады.
Бұл ретте есептеуді үш белгі бойынша жүргізуге болады:
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) төлемсіз;
- БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (бұдан әрі – МКЗЖ) жинақтау есебінен төлеу;
- БЖЗҚ-дан МКЗЖ және міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан әрі – МЗЖ) жинақтау есебінен төлеу.
Алдын ала есептеулердің кез келген түрі келесі деректерді қамтиды: жұмыс беруші айларда аударған МКЗЖ саны, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы мөлшері, өмірді сақтандыру компаниясынан төлем, жұмыс берушіден төлем. Сонымен қатар, МКЗЖ, МЗЖ және МКЗЖ жинақтау есебінен БЖЗҚ-дан төлем алынуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға 55 жасқа толған кезде және олар үшін кемінде 7 жыл МКЗЖ төленсе арнаулы әлеуметтік төлем алу мүмкіндігі беріледі.
Арнаулы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Бұдан басқа, жұмыскерлерге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі
Арнаулы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленетін болады. Сондай-ақ, оны алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауысып, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.